» » Түйе жайлы қызықты аңыздар

Түйе жайлы қызықты аңыздар

Асыл дініміз бойынша, төрт түліктің төресі ретінде жүйрік жылқыдан гөрі төзімді түйе қасиетті, әулие саналған. Ойсыл қараның бас сүйегін бөлмей, лақтырып тастамай, ағаш басында әспеттеп сақтаудың мәнісі де сол.
Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында Бабата деген ауыл бар. Осы Бабатада Әзірет Әлінің жетінші ұрпағы Ысқақ бабтың кесенесі бар. Ықылым заманнан қалған кесенені уақыт желі өшіре бастағанда, Ысқақ бабтың қабірінің орнын дәл анықтау үшін, сол маңға түйе шөгерген екен. Жануар Темірқазықты бетке алып шөгіпті. Мінер үзеңгілігі жағы құбыла жаққа қарапты деседі. Түйе шөккен жерге Ысқақ бабтың сұпысын тұрғызған екен.
Бұрынғылар мешіт тұрғызғанда, оның михрабын (құбыласын) дәл анықтау үшін түйе шөгерген деседі.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинаға көшкен кезде алғашқы іс ретінде сахабаларын жетілдіретін, жамағатпен намаз оқитын мешіттің салынуын қалайды. Осы кезде Жәбрейіл алейһиссалам келіп, «Йа, Расулаллаһ! Алла Тағала саған өзі үшін тастан және кірпіштен мешіт салуды бұйырды» деді. Пайғамбарымыз дереу түйесі Қусуаның Мәдинаға келген кездегі шөккен жерін иелерінен сатып алмақ болды. Иелері «Йа, Расулаллаһ! Біз оның ақысын тек Хақ та’аладан күтеміз. Ол жерді сізге Аллаһ разылығы үшін сыйға береміз» деді. Бірақ Пайғамбарымыз мұны қабылдамай, оның ақысын артығымен төлейді. Осылайша, түйесі шөккен жерге Пайғамбар мешіт тұрғызған.
Алланың шерісі – хазірет Әли қайтыс болғанда, мұсылман қауымы оны құрметтеп жерлеуге дайындалып, жаназасын шығарады. Осы кезде ақ түйеге мінген бір кісі келеді де: «Хазірет Әлиді мен жерлеймін», – дейді. Халық аңтарылып қалады. Ол мүрдені ақ түйеге таңып алып, шығысқа қарай жөнеп береді. «Қай жерге жерлер екен» деп соңынан бір топ адам сайланып ереді. Түйелі кісі жеткізбейді, көз ұшында қылаңдайды да отырады. Бір кезде түйені шөгеріп, жерді қаза бастайды. Көмген сияқты әсер қалдырады. Адамдар жақындап қалған кезде тағы да ілгері жөнеледі. Көрді ашып көрсе, хазірет Әлидің денесі жоқ. Тағы бір жерге келіп, жер қаза бастайды. Ашып көрсе, ешнәрсе жоқ. Бұл құбылыс қырық рет қайталанады. Ақырында ақ түйелі кісі жоқ болып кетеді. Сонымен хазірет Әлидің мәйіті қайсы қабірде қалғанын ешкім білмейді. Түйе шөккен барлық қабірінде де елді мекен бар. Ол қабірлердің шырақшылары хазірет Әлидің денесі бізде деп таласады. «Неге бұлай болды «деген сұраққа ғұламалар мынадай жауап қайтарады: «Асқан батыр болғандықтан, хазірет Әлидің дұшпандары көп еді. Денесін қорламасын деп осылай жасады». «Ақ түйемен келген кісі кім еді?». Бұл жөнінде мынадай жорамал бар: «Ақ түйелі кісі – Мұхаммед пайғамбардың өзі немесе Жебірейіл періште». Бұл іс – мұғжиза деп аталады. Ешкім мұны теріске шығара алмайды.
«Егер пенде түйеге ұқсаса, құдай берді деген сөз. Ол адам әулие болып есептеледі. Ілгері заманда бір үлкен жиын болыпты. Сол жиында бір кісі барлық жұртқа естіртіп былай депті: «Бір кезде есек едім, одан кейін ит болдым. Енді түйе болдым. Бө-бө…», – деп боздап жолға түсіп кете беріпті. «Мына кісі жынды ма» депті біреулер. «Жоқ. Жынды емес» депті бір оқымысты. – Ол кісінің «есек» едім» дегені – «Бала болдым, ол кезде мыйым жоқ еді» дегені. «Ит болдым» дегені – «жігіт болған соң, дүние үшін әркіммен иттей ырылдастым» дегені. «Енді түйе болдым» дегені – «есейдім, адам болдым» дегені. Жолға түсіп боздағаны – көрмейсіздер ме, әулиешілік жолға түстім» дегені. Жүйелі сөзге кім тоқтамайды. Адамдар жағасын ұстапты.
(Берікбай Сағындықұлы Мүсірбай-Телеу «Ғаламның ғажайып сырлары», 1997 жыл, 155 бет).
Екі жарым мың жылдық тарихы бар ежелгі Алматының қақ ортасында Райымбек батырдың кесенесі тұр. Сексен жыл өмір сүріп, әулиелікпен алдын болжап, келешегін бағамдап, дүние салар алдында, сүйегімді ақ атанға артыңдар, қай жерге шөгеді, сол жерге жерлеңдер деп аманаттапты. Ұрпағы батыр, әулие баба өсиетін қалтқысыз орындап, сүйегін түйе шөккен жерге жерлейді. Жатқан орнында бертінде зәулім күмбез тұрғызылып, ақ атанның ақ мәрмәрдан алып мүсінін орнатты.
Ертеде қазақта 3 мың түйесі бар байлар болған. «Сахараның салтанаты» деп аталғантүйеге қатысты теңеу сөздер, даналық нақылдар көптеп кездеседі. «Түйесі бардың – киесі бар» дейді. Түйешіні «ұлық баққан» деп құрметтеп, оған көпшілік жиналған жерде төрден орын берген. Өйткені түйе – ұлық жануар. Түсінде түйеге мінген кісіні ұлы әулиелердің өзі желеп-жебейді.Түйе түлігіне арналған аңыздар бойынша шығарылған күйлер де ел арасына кеңінен таралған. Сүгірдің «Бозінгені», Ықыластың «Желмаясы», Тәттімбеттің «Бозінгені» және т. б.
Мақұлқаттың ең асылы – түйенің сүті мен шудасының, етінің, тіпті зәрінің шипасы мен түйе малының көшпелі шаруашылықтағы ұлан-ғасыр пайдасы жұртқа онсыз да белгілі. Біз бүгін түйенің жұрт біле бермейтін қырына аз-мұз тоқталдық.

Айқын газеті, Төреғали Тәшенов
17 қаңтар 2019 ж. 48 0

Мақалалар

Әбілхан әлемі

15 қараша 2018 ж. 165

50 доллар және адам қадірі

07 қараша 2018 ж. 258

Қазақ тілі туралы 30 дерек

24 қыркүйек 2018 ж. 370

Табиғат таңғажайыптары

22 қыркүйек 2018 ж. 445

МЕНІ ҚҰТҚАРҒАН – «ОМПЫ»

15 қыркүйек 2018 ж. 317

ТОЙЛАР ТУДЫРҒАН ОЙЛАР

27 қаңтар 2018 ж. 629

Бүгінгінің білім сапасы

18 қаңтар 2018 ж. 568