» » Жеті қазынаны білеміз бе?

Жеті қазынаны білеміз бе?

Қазақта жеті қазына туралы талас-тартыс, даулы әңгіме көп. Жеті қазынаға не жатады деген сұрауға бірі: "Ер жігіт, сұлу әйел, ілім-білім, жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт, берен мылтық", − десе, енді бірі: "Жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан, майланғыш ау, өткір кездік", − деп сайрайды. 

Жеті қазына жөнінде мынадай да тұжырым бар: 
1) адамның ақылы, ой-санасы. Өйткені, адамзат ақылы арқылы хайуанаттар дүниесінен бөлініп ерекшеленеді, әрі дүниенің қожасы болды; 
2) денсаулық, яғни дененің саулығы; 
3) ақ жаулық, яғни үйдегі әйел адам — ердің жары, балалардың анасы; 
4) бала. Бала — адам өмірінің жалғасы, қуанышы; 
5) көңіл. Көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ пен береке орнайды; 
6) жер. “Жерсіз — ел тұл, ерсіз — жер тұл”; 
7) ит. Ол әуел бастан-ақ адамға сенімді серік болған. 

Ал, Бауыржан Момышұлы "Жеті қазына" жайында бала-келініне айтқан әңгімесін Зейнеп Ахметова "Бабалар аманаты" кітабында жүйелеп жазып берген. Қысқаша мәтіні былай: 

«Жеті қазына» әр елдің тұрмыс-тіршілік салтына, таным-нанымына қарай әртүрлі айтылатылуы − табиғи нәрсе. Ертедегі грек-аңыз әңгімелерінде жиі кездесетін "жеті қазына" өзге халықтарға, оның ішінде қазаққа да тән деуге де болады. Өйткені мұндай айтылатындардың барлығы адамзатқа ортақ. Оны былайша таратады. 

Біріншісі − Аспан. Аспан дүние жаратылыстың тылсым құпия сырларын аясына сыйғызып тұр. Өмірге пана болып, аспан денелерінің қалпын сақтап тұрған көк күмбез − планеталар мен жұлдыздардың құтты мекені. 

Екінші қазына − Күн. Күн − әлемдегі тіршілік тірегі. Күллі адамзат, өсімдіктер әлемі, құрт-құмырсқа, жан-жануар күннің шуағынан нәр, күш-қуат алады. Күнсіз тіршілік жоқ. 

Үшінші қазына − Ай. Ай − әлемнің түнгі нұры. Ай болмаса дүниені қара түнек басар еді. Жаратылыстың түнгі ырғағы бұзылады. 

Төртінші қазына − Жер. Жер − барлық тіршілік иесінің анасы. Жер болмаса, ешнәрсе өсіп-өнбес еді. 

Бесінші қазына − Су. Сусыз тіршілік жоқ. Су − таза. Оның тазалығын сақтау өмір-тіршілікті сақтау екенін бұрынғы замандарда өткен ата-бабалар жақсы түсініп, бізге өсиет еткен. 

Алтыншы қазына − От. От − Күннің жердегі ұшқыны. Ертедегі адамдар оттың жылу, жарық беретін, суықтан қорғап, ауру-сырқаудан сақтайтын құдіретін жан-тәнімен түйсініп, түсінген. От бар жерде өмір бар. 

Жетінші қазына − Ит. Ит адамзаттың жер бетіндегі алғашқы серігі, қорғаушысы. Итті басынан ұрмайды, аяқпен теппейді». 

Тағы бір әңгімесінде Бауыржан Момышұлы "жеті қазынаны" былай тізбектеп, түсіндірген: 

«Мұны «ер жігіттің жеті қазынасы» деп анықтап айту керек. Бұл ер-азаматтың жеке басына, тұрмыс-тіршілігіне қажетті бағалы дүниелеріне байланысты айтылған. 
Жүйрік ат − жігіттің қанаты. "Ат − ер қанаты" дегендей, атсыз жігіттің күні қараң болған. 
Қыран бүркіт − жігіттің алғырлығы, бүріп түсер күш-қуаты. 
Құмай тазы − сенімі, досқа адал беріктігі. 
Берен мылтық − оты, қаһары. 
Қақпан − серті, бірсөзді мәттігі. 
Алмас кездігі − сұсы, айбыны. 
Сұлу әйел − елдің бәріне сұлу қайдан табыла берсін, бірақ сұлу болсын-болмасын, ол − ер-азаматтың артындағы қамалы, отының берекесі. Сұлу әйел дегенде тек бет көркі емес, оның жан тазалығы, ақыл-парасатын айтқаны болуы керек. Беті жылтыраған ұрғашының бәрі қазынаға жатпаса керек. Сөздің қысқасы, ер жігіттің басындағы осы жетеуі түгел болса, таршылық көрмейді депті бұрынғылар.
07 қараша 2018 ж. 53 0

Ұқсас жаңалықтар:

Мақалалар

Әбілхан әлемі

15 қараша 2018 ж. 3

50 доллар және адам қадірі

07 қараша 2018 ж. 109

Қазақ тілі туралы 30 дерек

24 қыркүйек 2018 ж. 233

Табиғат таңғажайыптары

22 қыркүйек 2018 ж. 311

МЕНІ ҚҰТҚАРҒАН – «ОМПЫ»

15 қыркүйек 2018 ж. 182

ТОЙЛАР ТУДЫРҒАН ОЙЛАР

27 қаңтар 2018 ж. 497

Бүгінгінің білім сапасы

18 қаңтар 2018 ж. 464