» » Баршамызға бір әлем

Баршамызға бір әлем

Иә, бейбітшілік – әлем тілегі, ел тірегі. «Бейбітшілік», «достық» деген қасиетті мәні бар, жарқын, саналы сөздерді оңдаған, жүздеген миллиондардың аузымен айтқан шағында, қазақ халқы жер жүзіндегі озғын ойлы адамзаттың бәрінің ішіндегі ең асыл арманын, ең зор мүддесін, бар ынта пейілін де баян етеді. Сондықтан кез – келген азамат үшін «бейбітшілік» сөзінің құнары жоғары. Өйткені, ол – адамзаттың өз елінде еркін өмір сүріп, шуы жоқ ортада өз болашағын құруы. Біздің бүгінгі өміріміз – ең тамаша, ең бақытты шақ. Біз бейбітшілік жырын жырлайтын, алтын күннің нұрынан, шуағынан нәр алатын, болашақта жарқын істерімізбен елімізді қуантатын, еліміздің ертеңіне сенетін жас ұландармыз. Біз жас ұландар, елдің ертеңіміз, сондықтан «Бейбітшілік түбі - игілік» деген сөзді басшылыққа алып, бейбітшіліктің атар таңын бүгіннен ертеңге, қазірден болашаққа аман – есен жеткізуге міндеттіміз!
Себебі, бейбіт заман барлық елдің басына қонатын бақ құсы емес. Әлемде таңының тыныш атып, күнінің тыныш батқанын армандайтын талай адам баласы өмір сүріп жатыр. Әйткенмен, бәрінің де қолы бейбіт өмірге жете алмай отыр. Әр қадам басқан сайын «жау шығып қалар» деген қорқыныштан қолдарынан қаруларын тастамай, қарумен ұйықтап, қарумен оянатын әлем елдерінің бары рас. Олардың жандары тыныш емес. Содан болар, таңдары да шуақты атпайды. Ал бізде ше... «Қолда бар алтынның қадірі жоқ», - деген қазақ бабамыз, қазір қолымыздағы осы бір баға жетпес асылды, саф алтынды бағалай алып жатырмыз ба?! Жоқ, әлде бұл қазынаның түп – төркінін әлі де түсінбеудеміз бе?! Иә, жауап әркімнің өз санасында, өз ойында. Өйткені, күнделікті өмірде кішігірім ұрыссыз, кішігірім керіссіз күн кешпейтініміз анық. «Шуақты таңыңды» атырып, қоғамдық орынның кез – келгеніне бас сұқсаң болды, көңілі толмайтын, қабағы ашылмайтын адамдарды кездестіресің. Бейбіт күннің қадіріне жетпей жүргендер – міне осылар. Әрине, бәрі бірдей ондай емес... Көпке топырақ шашпалық. Бірақ сонда да біреуден сөзден жеңілу қазіргі қоғам адамдарының арасында, әсіресе, жастардың ортасында «нағыз масқара». Ал сол сәтте, тағы да дана қазақ бабамыздың «Кішіпейілділік – кішілік емес» сөзін басшылыққа алсақ қой, шіркін! Сонда, мүмкін, өз арамыздағы достығымыз одан әрі берік бола түсер ме еді? Себебі, үлкен дүниенің барлығы кішкентайдан басталады емес пе?! Екі адам арасындағы бейбіт қарым –
қатынас бүтін бір өңірді, ал бүкіл өңір тұтастай елдің, ал елдер арасындағы бейбіт қарым – қатынас жалпы әлемнің бейбітшілігі, татулығы.
«Теңдік. Тәуелсіздік. Бейбітшілік.» Осы ұғымдардың салтанат құруы үшін кімдер бас тікпеді, кімдер құрбан болмады. Керей, Жәнібек кезеңі - Қазақ хандығының негізі қаланған кезең. Абылай заманы - найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен қасық қаны қалғанша ел мен жер үшін айқасқан батырлар заманы. Тіпті, одан кейінгі дәуірлердегі негізгі мүдде де осы болды.
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, тағдыр тауқіметімен қаншама ұлт өкілдері қасиетті Қазақ жерін пана тұтқаны белгілі. Сондықтан, қазақ халқы ұрпағының санасына ең алдымен осы бір татулықты, туыстықты, бірлікті, бейбітшілікті қалыптастырған. Өйткені, бұл ұғымдар – адамзаттың асыл құндылықтарының бірі. Бұлар болса, ел тыныш, жұрт аман болатыны да анық. Қазақта, тіпті, «көршіңмен де тату бол» деген сөз бар. Оның өзі бейбіт тұруды, тыныш өмірді қалағандықтан айтылған.
Қай ұлт, қай ел болмасын бейбітшілікті, бірлікті, ашық аспан мен бақытты, терезесі тең, керегесі кең елдер қатарында болуды аңсайды. Өйткені, татулық пен келісім бейбітшілік пен тұрақтылық бар елді іздеп өзі келеді. Осы тұста Қабан жыраудың:
« Бақыт қайда барасың?
Көршімен болған бірлігі,
Тағат, ғибадат тірлігі
Ұйымшыл елге барамын»,
- деп жырлағаны еске оқтын – оқтын оралады. Бабаларымыздың мұндай жырлары талай санаға сәуле құйып, түсінген жанға үлкен үгіт болатыны сөзсіз.
Елін жанындай сүйген Ақтамберді жырау:
«Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айрылма,
Бірлікте бар қасиет»,
- дейді. Бұл ұлтымның ұланымын деген әр қазақтың қол қайратымен, жүрек қуатымен келетін, көз тіккен асыл межеміз болса керекті.
Иә, адамдар арасында бірлік болса, олар ынтымақта, тату – тәтті өмір сүреді. Өзара сыйласып, ұйымшылдық көрсеткен кезде ғана бірлікке қол жеткізуге болады. Халқының қамын жеген, мұң – мұқтажын жоқтаған Әлихан Бөкейханов: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана», - деп ынтымақ – бірлікке үндеген. Ал, ынтымақ – бірлікке апаратын жол халықтың өзара тату болуы, халық арасындағы бейбітшілік. Хакім Абай атамыздың да: «Татулықтан артық жолдас жоқ», - деген сөзі осыған дәлел емес пе?!
Барыстың тектілігі, маңғаздылығы, ешбір аңға өздігімен шабуыл жасамайтыны, ал тиіскен аңды оңдырмайтын қасиеті көбіне – көп Қазақстанның саясатына теңестіріледі. Сындарлы кезеңдерді бастан өткерген көк бөрілер ұрпағы өз атамекенінде көпұлтты мемлекетке айналды. Қашан да татулық пен ынтымақтастықты ту еткен еліміз үшін өзге ұлт өкілдерімен
достық қарым – қатынаста болып, біртұтастықта өмір сүру аса маңызды. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықты ұлтына бөліп – жармай, біртұтас Қазақстан қоғамын қалыптастыруды мақсат тұтып, 1992 жылы алғаш рет Ассамблея құру туралы идеясын қалың көпшілікке жариялады. Идея ірі мақсатқа ұласып, 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылды.
Кез – келген елдің тілегі де, оның арманы да халқының бейбітшілігін сақтау екені сөзсіз. Елдің экономикасын дамытып, халқының қауіпсіздігін нығайту арқылы ішкі тұрақтылық қамтамасыз етіледі. Өйткені, бейбіт өмір бақыт, береке, бейбітшілік әкелумен бірге, өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз: «Байлық байлық емес, бірлік – байлық», - деп бекер айтпаса керек.
Қазіргі кездің өзінде, бейбітшілікті сақтау, соғысты болдырмау XXI ғасырдың да өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Халықаралық қоғамдастық бейбітшілікті сондықтан жалпы құндылықтар қатарына қосып отыр. Бүгінде тұрақтылық, бейбітшілік, жаңғыру – қасиетті Қара шаңырақтың астында бірнеше ұлт өкілінің басын біріктіріп, берекелі тіршілік кешіп келе жатқан Қазақстанның таңдаған жолы бұл. Елбасымыздың өзі айтқандай, «Тұрақтылық – біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз. Бейбітшілік – баға жетпес байлығымыз. Жаңғыру – келер күнгі кемел келешекке жетелейтін жарқын жолымыз. Осы үш ұғым біздің мызғымас мемлекетіміздің тұтастығына тірек болып табылады.»
Сауатты да саналы, парасатты елдің ұрпағы өткеніне көз жіберіп, ата – бабасының жолынан сабақ алары ақиқат. Сонысымен тарихын бағамдап, келешегін кемелдей түседі. Қазақ халқы да тағдырдың талай қатал сынын басынан кешті. Салдарынан жер бетінде ұлт ретінде жойылып кету қаупі әлсін – әлсін қайталанды. Соғыстар, көтерілістер, одан қалса ашаршылықтар мұның барлығы халықтың қырылып, азып, тозуына әкеп соқты. Әйтсе де, «мың өліп, мың тірілген» бабаларымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруының нәтижесінде бүгінгі бейбіт аспанға қол жеткізді.
«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дегендей, баршамыз жұдырықша жұмылар болсақ, бейбітшілікті әлемге талай паш етеріміз анық. Бүгінгі еліміздің бейбітшілігі – біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Осы кезде, адамзаттың тыныш ұйқысын бұзып, балаларды шат күлкісінен айыратын зұлматты оқиғалар мен үрейлі жәйттердің болмауына тілекші болалық.
Көк байрағымыздағы алтын қырандай еліміз қанатын кеңге жайып, асқар биіктерден көрінсін! Жасасын, бүкіл әлемнің тыныштығы – бейбітшілік! Себебі, бейбітшілік – елдің тірегі ғана емес, әлемнің тірегі әрі тілегі!
Өтемісова Гулназ
Батыс Қазақстан инженерлік-
технологиялық колледжінің 1 курс
Жетекшісі: Канаткалиева Лаура Амангельдиевна
22 қыркүйек 2018 ж. 605 0

Ұқсас жаңалықтар:

Мақалалар

Әбілхан әлемі

15 қараша 2018 ж. 721

50 доллар және адам қадірі

07 қараша 2018 ж. 774

Қазақ тілі туралы 30 дерек

24 қыркүйек 2018 ж. 935

Табиғат таңғажайыптары

22 қыркүйек 2018 ж. 1 052

МЕНІ ҚҰТҚАРҒАН – «ОМПЫ»

15 қыркүйек 2018 ж. 709

ТОЙЛАР ТУДЫРҒАН ОЙЛАР

27 қаңтар 2018 ж. 1 031

Бүгінгінің білім сапасы

18 қаңтар 2018 ж. 968