» » Тілім менің тірлігімнің айғағы

Тілім менің тірлігімнің айғағы


Тіл – адамзат үшін тарихи, мәдени, өмірлік құндылық көзі, қарым-қатынас құралы. Тіл – ғасырлық қазына. Ал халық – өз тілін жасаушы ұжым. Ана тілінің кез келген қоғамда алатын орны ерекше. Себебі, тіл тарихпен астасып жатқан ерекше құбылыс. Әр ұлт ана тілінің өзіндік ерекшелігімен, қалыптасуымен дараланады. Халқымыздың өткені мен болашағы, баға жетпес байлығы – ана тілі. Олай дейтін себебіміз, тіл –халықтың ұлттық болмысы, сәні, кескін-келбеті, тарихы. Расында да, қазақ халқының басынан талай қиын нәубет, қайғылы күндердің өткені белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын-сағаттарда атамекенін, жайлаған қонысын тастаған халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы біреу ғана, ол – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі. Тамырын тереңнен жайған тұңғиық әлемі бар, ұлттық болмысымызды, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды қалыптастыратын дүние – ана тілі. «Тіл –адам жанының тілмашы. Ұлтымыз ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілінің болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен басқа қымбат нәрсе болмауға тиісті», - деп Мағжан Жұмабаев атамыз айтқандай, тілдің құдіретін, қасиетін танып, оған үлкен мән берген. Менің ойымша, тіл – мемлекетіміздің өмір сүруінің ең бірінші себебі. Өйткені, ол сан ғасырды көзімен көрген, елдің арқа сүйер тірегі іспеттес. Тіл болмаса халық келешегін елестету мүмкін емес. Қысқасы, менің түсінігімде тіл – ұлттың күретамыры, ал күретамыр жүрекке апаратын жол. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің даму жолындағы жаңа саяси бағытын белгілеп берді. Бұл жолдауда Елбасы:«...Тағы да қайталап айтайын! Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Тілге көзқарас, шындап келгенде,
елге деген көзқарас екені даусыз. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде ғана біз елімізді қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» деп оң бағыт берді. Тіл мәселесі – мәңгілік тақырып. Ана тіліміз – біздің намысымыз. Өз намысымызды да, өз тілімізді де қорғау біздің иығымызға жүктелген парыз. Сондықтан бабалар үмітін ақтап қалатынымызды, тілімізді биіктен көрсететінімізді дәлелдеп көрсететін нағыз тіл жанашырлары – бізбіз. Елбасымыздың осы Жолдауы қазақстандық жастарды біріктіріп, биік белестерден көрінуге апаратын жарқын жол деп есептеймін. «Бір мақсат, бір болашақ, бір мүдде болу үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бірігіп бас шығарып еңбек етуіміз керек» деп Елбасымыз айтқандай, осы жолда барлығымыз бірігіп жұмыла жұмыс жасасақ, биік белестерге жетіп, сонда ғана Қазақ елін жарқын болашақ күтетініне кәміл сенемін. Тіл тазалығы – ана тілін басқа тілмен шұбарламау. «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай, жоғалмайды. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады»,- деп жазған Ахмет Байтұрсынұлының тіл жағдайындағы терең тағылымдары бүгінгі заманмен үндесіп, ұрпақтың айта жүрер қанатты сөздеріне айналды. Қазіргі кезде жастар көп тілді оқып білуге талпынады. Ол, әрине, құптарлық іс. Бірақ, өз тілінде сөйлемеу, басқа тілмен шұбарлау барып тұрған әдепсіздік, сорақылық, аяқ асты ету деп ойлаймын. Жалпы, қазақ қоғамында болсын, қазақ саясатында болсын тілді сақтау, дамыту тілдің маңызды да өзекті мәселесі болған. Яғни, халықтың саяси-әлеуметтік өміріндегі пәрменді құралы ретінде тілге айырықша мән беріліп отырған. Демек, бүгінгі ұрпақ – біз ана тілімізді ата- бабаларымыздың келешек ұрпақ үшін сақта, жоғалтпа деп мирас еткен аманаты деп біліп, оған қиянат етпей аса қадір тұтуға тиістіміз. Қорытындылай келе, «Туған тілім тірлігімнің айғағы, Тілім барда айтылар сыр ойдағы, Өссе тілім, мен де бірге өшемін, Өлсе тілім, мен де бірге өлемін!» – деп халық жазушысы әрі ақыны Әбділда Тәжібаев айтқандай, тіл – халықтың тағдыры. Ана тіліміздің жанашыры – біз
екенімізді, туған тіліміз тұмарымыз екенін әсте ұмытпайық! Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі үстем болып, мемлекетіміздің ең маңызды тірегі бола берсін дегім келеді.

Серікболат Айша
Қарағанды қаласы, Жамбыл атындағы
мамандандырылған мектеп-интернаты
11 «Ә» сынып оқушысы
22 қыркүйек 2018 ж. 745 0

Мақалалар

Әбілхан әлемі

15 қараша 2018 ж. 721

50 доллар және адам қадірі

07 қараша 2018 ж. 774

Қазақ тілі туралы 30 дерек

24 қыркүйек 2018 ж. 935

Табиғат таңғажайыптары

22 қыркүйек 2018 ж. 1 052

МЕНІ ҚҰТҚАРҒАН – «ОМПЫ»

15 қыркүйек 2018 ж. 709

ТОЙЛАР ТУДЫРҒАН ОЙЛАР

27 қаңтар 2018 ж. 1 031

Бүгінгінің білім сапасы

18 қаңтар 2018 ж. 968