» » Қазақтан шыққан генералдар

Қазақтан шыққан генералдар

Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ... Бұл қанатты сөзге айналып үлгерген орамды ойды бір рет болсын естіген боларсыз. Генерал болуды армандаудың өзі - жауынгердің өз өмірін Отан қорғау ісіне түбегейлі арнағанын білдірсе керек. Қарапайым сарбаздан генерал атағына дейін жету – бір қарағанда бағынбайтын белес, алынбайтын асудай көрінуі мүмкін. Бірақ бағынбайтын белес, алынбайтын асу жоқ. Бар қажыр-қайратыңды жинап, күш-қуатыңды салып, ерік-жігеріңді қайрасаң – бұл белесті басып, асудан асып, өз биігіңе шыға аласың. Оған дәлел – қазақ генералдары. Еліміздегі ең жоғары әскери атақ – Армия генералы. Кеңес одағы кезінде бұдан жоғары атақ маршал бар болатын. Бұл шен сол кезде санаулы адамдарға берілді. Қазір әлем елдерінде мұндай әскери шен жоқ. Әлем тарихында маршалдан да жоғары генералиссимус деген атақ болған. Бұл латын тілінен аударғанда ең жоғары басшы деген мағынаны білдіреді. Бұл әскери атақ та қазір ешбір елде қолданылмайды. Әлемде бұл атақты 53 тұлға иеленген. Генералдың да генералы бар. Бұл шенге жеткенде де жоғарылау бар. Ертеректе генералдықтың биік шыңына шыққандарды "толық генерал" немесе "төрт жұлдызды генерал" деп атаған. Төрт жұлдыз деуі тегін болмаса керек. Өйткені генералдардың өздері шеніне қарай төрт сатыдан тұрған. Қазір еліміздің жоғары офицерлер құрамына генерал-майор, генерал-лейтенант, генерал-полковник кіреді. Ал ең жоғарғы шен – Армия генералы.
Қазақстанның тарихында генералдың барлық жұлдызын тағып, армия генералы атанған екі-ақ азамат бар. Екеуі де - "Халық қаһарманы". Алғашқысы Кеңес одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі - Сағадат Нұрмағанбетов. Армия генералы шенін алған екінші азамат - Мұхтар Алтынбаев. Қазақстанның Қорғаныс министрі қызметін екі мәрте (1996-1999 және 2001-2007 жылдары) атқарған. 
Мамыр айының басында Елбасы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әскери қызметкерлерді мәртебелі шендерімен марапаттады. Тәуелсіз қазақ еліндегі генералдар саны 22-ге артты. Елбасы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Қазақстан антқа берік, аманатқа адал айбынды армия тәрбиелеп, оны жабдықтап келеді. Сайыпқыран сардарлар мен сарбаздардың қастерлі тәуелсіздігіміздің қорғаны бола білгенін атап өтіп, алдағы уақытта да бола беретініне сенім білдірді. - Баһадүр бабалардың ерен еңбегін егемен елдің ерлері лайықты жалғастыруда деп айтуға болады. Бүгін бір топ азаматтың жоғары наградалармен марапатталуы соның айқын дәлелі. Мен осы марапаттауға келе жатып, "74 жыл кеңес одағында болған уақытта қай адамға генерал шені тапсырылды?" деп ойландым. Бүгін бір күннің ішінде 22 атақ берейін деп отырмын. Тәуелсіздік алған кезде елдің әскерін басқаратын бір генерал іздеп, жалғыз Нұрмағамбетовты тапқан болатынмын. Еш уақытта осыны естен шығармаңыздар. Ел болып, тәуелсіз Қазақстан болғаннан кейін Бас қолбасшысы өз қолымен осындай атақ береді", — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Кеңес одағы кезінде қазақтан шыққан генералдар саусақпен санарлық қана болатын. Зерттеушілер Ақ патша әскері кезінде де қазақтан генерал атағын алғандар барын айтады.
Бүгінде елімізде 350-ге жуық генерал бар екен. Олардың қатарында нәзік жанды ару да бар. Қазақстан тарихында тұңғыш рет генерал шенін алған әйел прокуратура саласынан шықты. Ол – Сәуле Айтбаева. 2013 жылы мәртебелі марапатты Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алды. Қазіргі таңда Сенат депутаты. Қазақтан шыққан генералдар туралы аз-кем ақпарат бере кеттік. Бұл тақырып төңірегінде "Генералы Казахстана" деген атаумен орыс тілінде шыққан энциклопедиялық анықтамалықтан толығырақ ақпарат алуға болады. Орыстарда "Генерал - шен емес, генерал - бақыт" деген сөз бар. Мансап жолыңдағы ең биік шыңды бағындыру – бақыт емей, немене?! Тәуелсіз елдің тірегіне айналған қазақ әскеріндегі бақытты жандардың қатары арта бергей!

Дереккөз: massaget.kz
07 қараша 2018 ж. 105 0

Мақалалар

Әбілхан әлемі

15 қараша 2018 ж. 3

50 доллар және адам қадірі

07 қараша 2018 ж. 109

Қазақ тілі туралы 30 дерек

24 қыркүйек 2018 ж. 233

Табиғат таңғажайыптары

22 қыркүйек 2018 ж. 311

МЕНІ ҚҰТҚАРҒАН – «ОМПЫ»

15 қыркүйек 2018 ж. 182

ТОЙЛАР ТУДЫРҒАН ОЙЛАР

27 қаңтар 2018 ж. 497

Бүгінгінің білім сапасы

18 қаңтар 2018 ж. 464