» » Абай ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз байланысты

Абай ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз байланысты

Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» сияқты «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жорал­ғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп айқын көрсетілген болатын.
Ұлы Абай – қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы. Оның ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз бай­ла­нысты, ал даналығы қа­зір­гі заманмен үндес. Абай шығар­машылығымен танысу сананы оятып, ойға ой қосады, жаңа көңіл күй мен сезімге бөлейді, асыл армандарға жетелейді, өзіңді өзің талдап тазаруға итермелейді.
Кемеңгер бейнесі көптеген аса көрнекті ақындар мен жазу­шылардың, суретшілердің назарын аударып келеді. Ұлы ақын өз дә­уі­рінің ар-ожданы бол­ған сол кезеңдегі қазақ қо­ғам­дық ойы мен әдебиеті Абай есімімен тығыз байланысты болды.
Алаш қозғалысының 100 жылдығы аталып жатқан кезде біз Абай­ды және оның бай мұ­­ра­­сын қазақ халқының ру­­ха­ни әлеміне қоса отырып, Алаш қай­рат­керлерінің ел тә­уел­­сіз­дігі жолында өз із­гі мұрат­­­тарын тауып, ұлт пен Ота­­нын сақтау үшін кү­рес жүргізгендерін айқын сезіне­міз.
Абайдың алғашқы өмір­баянын Алаш қозғалы­сының көшбасшысы, белгілі экономист, тарихшы, әдебие­тші, пуб­лицист, журналист, аудармашы Әли­хан Бөкей­ханов жазған болатын. Ә.Бөкей­ханов­тың орыс тілін­де жазы­лып, 1905 жы­лы «Семи­палатинские ведомос­ти» газе­тін­де жарияланған «Абай (Ибра­һим) Құнанбаев» ат­ты мақаласы ұлы ақын туралы тұңғыш та анағұрлым толыққанды ғылыми еңбек болып табылады. Кейін бұл ма­қала Абайдың портретімен бірге 1907 жылы «Записки Се­ми­палатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского русского географического общества» журналында жарияланды. 
Бұл жарияланым Әлихан Бөкейхановтың Абайдың жеке өзі мен шығармашылығын, ше­жіресі мен оның қоршаған ортасын жақсы білгендігін дәлелдейді. Ол Абайдың ұлы Тұрағұлмен және Абайдың немере інілері Шәкәріммен және Кәкітаймен жақын таныс болды.
Ә.Бөкейханов өз мақала­сын­­да Абайдың қоғам­дық қыз­­мет­­тен ақындық­қа қалай ауы­­сып, орыс және әлем поэ­зия­сын көркем аудару­мен ай­на­лыс­қандығын, Спен­­сер­дің «Тәжірибелер», Льюистің «Ақиқат философия­сы», Дрэ­пер­дің «Еуропаның ақыл­ды да­муы» еңбектерімен таны­са келіп, қалай еуропа­лық мәде­ниет биігіне көтеріл­генді­гін егжей-тегжейлі қарас­тыра­ды. Ол өзінің Абай өмірі мен шы­ғар­ма­шылығы туралы осы қыс­қа­ша очеркін аяқтай келіп, оны Еуропаның атақты ақындары қатарына қосады.
Алаш қозғалысының көр­нек­­ті басшыларының бірі, ағар­­­­­ту­­шы, ақын, филолог Ах­мет Байтұрсынов Абайды «Қазақ­­тың бас ақыны» деп атап, «Онан асқан бұрынғы-соң­ғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», деп жазды.
Әлем әдебиетінің классигі Мұх­тар Әуезов дербес әде­биет­­тану ғылымы ретіндегі абай­та­нудың негізін қалады. Ұлы ақын туралы «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы: «Ол өз халқының тарихында биіктен көрінеді. Ол қазақ халқының көп ғасырлық мәдениетінен озығын алып, бұл қазынаны әлемдік және орыс мәдениетінің игі ықпалымен байытты», деп Абай талантына жоғары баға берді. 
Әрине, Абай тірі күнінде өз кітаптарын көрген жоқ, алай­да оның шығармашылық дәс­түрін жалғастырған рухани шәкірт­тері Әлихан Бөкейханов, Ах­мет Байтұрсынов, Мұхтар Әуе­зов оның әдеби мұрасының бү­кіл жер шарына таралуына ық­пал етті.
Абайдың 1845 жылы 10 тамызда Семей облысының Шыңғыстау бөктерінде өмірге келгені мәлім. Тобықты руы­ның беделді де өктем басшы­сы Құнанбай өз ұлын Семей медресесіне оқуға береді. Бұл мек­тептің қатаң тәртібін бұз­ған Абай орыс тілін білмек ниетте медреседен кетіп, орыс-­приход мектебіне ауысады. Әкесі Семейге келгенде он үш жастағы Абай туған өлкесіне қайтып оралады, бі­рақ он бес жылдан кейін білімін тереңдетіп, ұлттың рухани көшбасшысы болу үшін қайтадан қалаға келеді. Семейге келе салысымен ол орыс және Еуропа әдебиеті классиктерін оқиды, патша үкіметі Семейге жер аударған алдыңғы қатарлы зиялылармен танысады. Ағылшын философтары Милль, Дрэпер және басқа еуропалық ойшылдар еңбектерін терең оқып біледі. Бұл туралы америкалық саяхатшы және журналист Джордж Кеннан 1906 жылы Петербургте жарияланған «Сібір және жер аудару» кіта­бында Абай туралы: «Ағыл­шын философтарын мық­тап зерт­теп біліп, Миллді, Бокль мен Дрэперді оқиды», деп есте­лік қалдырды.
А.С.Пушкин мен Гете, М.Ю.Лер­монтов пен Дж.Бай­рон Абай­дың ең сүйікті ақын­да­ры болған сияқты. Оны олар­­дың шығармаларының шы­найылығы, жоғары шебер­лігі, өмірлік қуаты толғандырды. Абай алыстағы қазақ ауыл­дары­­ның тұрғындарын ұлы орыс ақындарының шығар­машылығымен таныстыруды ниет етіп, ХІХ ғасырдың екінші жартысында А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романы­нан үзінділер және М.Ю.Лер­монтов өлеңдерін аудара бас­тайды. Ақын ту­ған халқы мәдениетінің дамуындағы орыс классиктері шығар­ма­шы­­лығының маңызын жете тү­сін­­ді. Абай осы аударма­лары­ның қазақ даласына тез тар­ап, ұғынықты болуы үшін бұл туындыларына ән жазады. Халық ақын әндерін жылы қабылдады да, Пушкин мен Лермонтов өлеңдері ең сүйікті шығармаларға айналды. 
Шынайы өмірдің барлық құбылыстарына өзінің өткір де сергек ойын білдірген ол халықтың сана-сезімін оятып дамытатын бейнелер сомдады. Абай шығармаларын қайта-қайта оқи отырып, шынайы бейнелердің көркемдік қуаты мен идеялық мазмұнының санқырлылығына және та­қы­рыптық әралуанды­ғы­на орай Абай шығармашы­лы­ғы­­ның нағыз өмір энциклопедия­сы екендігіне тәнті боласың. Адамдардың типтік түрлері, портреттік суреттемелер, таби­ғат пен тұрмыстың қанық­­қан әсерлі бояулары, лирика­лық ой толғаныстары тұтастана келіп, бізден алыс өмір ақиқатын көз алдымызға әкеледі.
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ
20 қараша 2018 ж. 162 0

Мақалалар

Әбілхан әлемі

15 қараша 2018 ж. 66

50 доллар және адам қадірі

07 қараша 2018 ж. 172

Қазақ тілі туралы 30 дерек

24 қыркүйек 2018 ж. 292

Табиғат таңғажайыптары

22 қыркүйек 2018 ж. 363

МЕНІ ҚҰТҚАРҒАН – «ОМПЫ»

15 қыркүйек 2018 ж. 234

ТОЙЛАР ТУДЫРҒАН ОЙЛАР

27 қаңтар 2018 ж. 545

Бүгінгінің білім сапасы

18 қаңтар 2018 ж. 501