» » НАНОТЕХНОЛОГИЯ

НАНОТЕХНОЛОГИЯ


Нанотехнологияның тиімділігі

«Нанотехнология» деген сөзді өзіміздің қазақ тілінде түсіндіретін болсақ, «кішкентай өлшемді технология» дегенді білдіреді. Бұл жерде «нано» сөзі «миллиардтың бір бөлшегі» деген мағынаны береді. Қазіргі таңда нанотехнологиялар үлкен сұранысқа ие болып отыр. Нанотехнологиялардың арқасында заманауи есептеуіш машиналар мен өндірістік технологиялардың, тіпті дәрі-дәрмектердің де өндіріліп жатқаны баршамызға белгілі.
Бұған ғылыми фантастикаға ден қойған бірқатар жаңашылдардың да сенімсіздік танытары күмәнсіз. Мәселен, «Scientifus Ameriсa» журналының болжамына сүйенсек, таяу арада көлемі пошта маркасына тең медициналық құрылғы жасалады екен. Соны жарақат алған жерге қойса жеткілікті, ол қанның құрамын, қандай дәрі қажет екенін анықтап, сол дәрі-дәрмекті қанның құрамына өзі жібереді. 2025 жылы дайын атомнан кез келген затты құрастыруға қабілетті алғашқы нанороботтар жасалмақшы. Ауыл шаруашылығында да айтарлықтай өзгерістер болады: нанороботтар өсімдіктер мен жануарларды алмастырып, азық-түлік өндіретін дәрежеге қол жеткізеді. Осыған сәйкес экологиялық жағдай да жақсара түседі. Өнеркәсіптің жаңа түрлері болашақта қалдық заттар шығармай, оның есесіне нанороботтар ескі қалдықтарды жояды. Тәжірибе барысында анықталғандай, тоннельдеуші микроскоптың бұрынғыларға қарағанда біршама артықшылықтары бар екен. Соның көмегімен жекелеген атомдарды «көруді» былай қойғанда, соларға әсер ету арқылы кез келген кернеуді өзгертуге де мүмкіндік туады: қарапайым тілмен айтсақ, тоннельдеуші микроскоптың көмегімен атомды «іліп» алуға және қажетті жеріне қондыруға болады. Физиктердің атомдарды өз қалауынша орналастыруға теориялық мүмкіндіктері пайда болады, яғни соларды кірпіш секілді қалай отырып, кез-келген затты жасап шығуға мүмкіндіктері мол.
Қазір ғалымдар тұсауы жаңа кесілген нанотехнологияның үш негізгі міндеттерін айқындап алды. Біріншіден, осының көмегіне сүйене отырып, атомдарды өз қалауымызша тікелей орналастыру жүзеге асырылады, яғни ерекше қасиеттерге ие болған материалдар жасалады. Екіншіден, көлемдері жекелеген молекулаларға немесе атомдарға тең белсенді элементтері бар электрондық схемалардың өндірісін ұйымдастыру көзделіп отыр. Үшіншіден, ғалымдар көлемі молекулаға тең механизмдер мен роботтар, яғни наномашина жасауды көздеуде.
Қалай дегенмен де, ғалымдар адам өмірі үшін күресті одан әрі жалғас­тыруда. Олардың сөзіне сенсек, таяу­дағы жылдары қолдан жасалған ДНК-молекуласының негізінде адам ағзасын микробтардан тазартуға немесе енді тамыр жая бастаған қатерлі ісік жасушасын жоюға жол ашылатын көрінеді.
Еліміздегі нанотехнология туралы не білеміз?
Қазақстанда наноқұрылымдарды зерттеу ҚР Білім және ғылым министр­лігінің іргелі ғылыми-зерттеулер бағдарламасы бойынша 2003 жылдан бастап жүргізіле бастады. Еліміздің 10 алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында қазіргі талапқа сай жабдықтармен жабдықталған инженерлік зертханалар ашылған болатын. Нанотехнологиялық зерттеулерде белгілі жетістіктерге жеткен ғылыми ұжымдарды топтастырып, олардың жұмыстарын үйлестіру мақсатында Алматы қаласы маңындағы Алатау кентіндегі Ақпараттық технологиялар бағы аймағына кіретін физика-техника институты жанынан ұлттық нанотехнология зертханасы ұйымдастырылған. Мұндағы ғылыми-зерттеулер нақты жобалардан тұратын бағдарламалар бойынша жүргізіледі.
2007-2008 жылдары отандық жоғары оқу орындарында инженерлік бағыттағы 15 ғылыми зертхана құрылып, жұмыс істей бастады. Бұл салаға республикалық бюджеттен азды-көпті қаражат та бөлінген. Электронды микроскоптар, спек­тро­метрлер, т.б. құралдар сатып алынды.
Бір сөзбен айтқанда, нанотехнология дегеніміз – молекулалардың жиынтығынан құрылған ерекше бір физи­калық қасиеті бар тұтас бір жаңа дүние ойлап шығару дегенді білдіреді. Мәселен, қазір Жапония елінде осы нанотехнологияның арқасында 18 келілік бронды сауыттың орнына жеңіл әрі киюге ыңғайлы көміртекті бронды жейде жасалынып отыр. Шетелдегідей көп болмағанымен, мұндай жаңалықтан қазақ ғалымдары да құр алақан болып отырған жоқ. Биология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Мұрат Құрмашұлы әріптестерімен бірге дәрілік нанокапсула жасап шығарған болатын. Оның ерекшелігі сол болмашы ғана бөлігін сырқат жүрекке жақса, науқас инфарктан жылдам оңалады. Бұған қоса, нанокапсуланың әсері өте тез.
Нанотехнологияның қазіргі жағдайы химия, физика, информатика, механика сынды ғылымдарды жетік меңгерген, біліктілігі мол  мамандардың бірлесе отырып жұмыс істеуін қажет етеді. Бұған қоса, мамандар заманауи техникамен жұмыс істей білуі қажет. Ал ол үшін, әрине, мол тәжірибе қажет. Сондықтан да «Болашақ» бағдарламасының ғылыми тағылымдамадан өту бастамасы мамандарымыздың біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінде аты дүниежүзіне мәшһүр профессор Г.Мун, ал М.Х.Дулати атындағы Тараз мемле­кеттік университетінде профессор И.Бек­басаров «Наноинженерлік зерттеу әдіс­тері» зертханаларына басшылық жасайды.
2012 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде «Нанотехнологиялар» ғылыми зертханасы ашылды. Тараз мемлекеттік университетінде бүгінгі күні электронды микроскоптар мен рентгендік микроталдаулар жасалып, құрылыстық, композициялық материалдарды, азық-түлік өнімдеріне физикалық-химиялық зерттеу әдістері жүргізілуде. Оқу орнына мемлекет тарапынан бөлінген қаражат есебінен жапондық JSM7500F микроскопы алынды. Бір айта кетерлігі, мұндай микроскоп Қазақстанда екеу ғана, оның екіншісі Республикалық ядролық физика ғылыми-зерттеу инс­титутында. Бұл бір жағынан қарағанда мақтаныш болғанымен, аталған микроскопты бүгінгі таңда алдыңғы қатарлы деп айтуға болмайды. Өйткені жапондарда бұл жабдық ескірген болып есептеледі. Қазіргі уақытта дүниежүзінде 1600 ғылыми-техникалық компания­лар мен фирмалар, зертханалар мен орталықтар нанотехнологиялық зерттеулермен айналысуда. Оның 28 пайы­зы АҚШ-та, 24 пайызы Жапонияда, 10 пайызы Ұлыбританияда, 9 пайызы Алманияда, және 5 пайызы Австрия­да екен. Франция, Италия, Қытай елдері 3 пайыздан, басқа мемлекеттер, соның ішінде Ресей барлығы 14 пайызды құрайды. Ал Қазақстан сол он төрт пайыздың ішінде де жоқ. Демек, бүкіл әлем аса бір құштарлықпен айналысып отырған нанотехнологияның не екенін, пайдасы қандай болатын­дығын біз әлі күнге дейін жетік білмейміз. Еліміздің бірнеше қалала­рында нанотехнологияға байланысты халықаралық конференциялар өткізіліп жүр. Алайда жасалып, өндіріске енгізілген нақты өнімдеріміз әлі күнге дейін жоқ.
Дүниежүзі ХХІ ғасырдың басынан бері нанотехнологияға ерекше көңіл бөле бастады. Кейбіреулер бұл салада «АҚШ, Еуроодақ елдері, Жапония, Қытай көшбасында келеді» дегенді айтып, әлемді дүрліктіруде. Бұл орайда нанотехнологияны алғаш ойлап тапқан қазақтар деп айтып көрсек қайтеді? Мәселен, Ер Төстік ертегісінде Күнекей қызды іздеу­ші­ге жол көрсететін, адамша сөйлей алатын құмырсқа бар емес пе еді?! Міне, сол құмырсқа қазақтар жа­са­ған алғашқы нанотехно­ло­гия­лық «өнім» болатын. Біздің халықта қолы шебер, ұста адамдар қай кезде де көп болған ғой. Олар туралы «бүргенің аяғын да тағалайды» деп аса сүйіспеншілікпен айтылады. Ал шықбермес сараңдар туралы «жұмыртқадан жүн қырыққандар» дей­тін сөз бар. Шындығында, жұмыртқа қа­бығының өзінен сан алуан өнім жасауға болатыны бүгінгі күні баршаға аян.
Әттең, оны­мыз­ды шет тілдерге аударып, ағыл­шындардың да, фра­н­цуз­дар­дың да, жапондардың, қы­тай­лар­дың да назарына ұсынуға кейін­гі ұрпақтың мойны жар бер­мейді. Менделеевтің кестесіне ен­ген химиялық элементтердің бар­лығы атомдар мен мо­леку­ла­лар­дан тұрады. Бұлардың мейлін­ше шағын болатындығы сондай, қарапайым микроскоптармен көру мүмкін емес. Сондықтан да «күні кешеге дейін» осы саланы зерттейтін зертханаларында ар­найы жасалған ең үлкейткіш мик­рос­коптар пайдаланылды. Ал қа­зір олардың орнын электронды ми­кроскоптар алмастырған. Мі­неки, бүгінгі күннің өзінде тек қа­на электронды микроскоптар ар­қылы көруге болатын осынау атом­дар мен молекулаларды енді мың есе кішірейткенде алынатын өнім қандай болатынын ойша көз­ге елестете беріңіз. Бірақ бір таңға­ларлығы мың есе кішірейген жаңа атомдар мен молекулалар өз­дерінің шыққан тегінен мүлде өз­геше қасиетке ие болады. Ай­та­лық, жер бетінде кездесетін уран өзі­нің ілеспелерінен тазартылады да, бейбіт мақсатта қолданылатын энергия­ны алу үшін одан «уран түй­мелерінің құрастырмасы» жа­салады.
Әлем­нің көптеген елдерінде біршама са­ла бойынша нанотехнологиялық ізденістер жүргізілуде. Қазір біз «құс тұмауы», «шошқа тұмауы» дей­тіндердің әскери үстемдікке тал­асушы мемлекеттер тарапынан жасалған бактериялогиялық қа­ру­лардың «құқайы» болуы мүмкін де­генді айта бастадық. Егер «нанотехнология адам өмірін түбірінен өз­гертеді деген мәліметке сенетін болсақ, мұның астарына терең үңілгеніміз жөн. Себебі нано­тех­но­логия арқылы адамзаттың пі­ші­мін де, мінез-құлқын да, ниетін де мүлде өзгертуге әбден болады. Ай­талық, ергежейлілер немесе алып­тар жасау нанотехнология жетіл­ген кезде қиын іс болмай қалады. Қаскөйлер мен мәң­гүрт­терді, адам-роботтарды нано­тех­нологтардың өмірге әкелуі әб­ден мүмкін. Қазірдің өзінде осы са­ла бойынша ой айтып жүрген ба­тыстық бір топ ғалым «егер на­нотехнология осы қалпымен да­ми беретін болса, онда таяудағы жүз жылдың ішінде адамдардың бір шағын тобы рақат өмір сүруші, қал­ған қалың тобы солардың құ­лы болуға ризашылықпен еңбек ете­тін мәңгүрттерге айналуы әб­ден мүмкін» деген үрейлі пікірді ай­тып жатыр. Біз на­нотехнологиялық зерттеу­лерге ин­вестиция бөлінгенде тек сол ар­қылы баюды мақсат тұтумен шек­телсек, қатты қателесеміз. Сондықтан на­нотехнология арқылы сырттан тө­нетін қатерге төтеп беретін «өнім­дер» іздеу ісіне де болашақта еліміз батыл кіріскені абзал.

Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz
15 қаңтар 2018 ж. 159 0

Мақалалар

ТОЙЛАР ТУДЫРҒАН ОЙЛАР

27 қаңтар 2018 ж. 153

Бүгінгінің білім сапасы

18 қаңтар 2018 ж. 172

Тектану қазақ білімінен

17 қаңтар 2018 ж. 158

Волшебник Барселоны

15 қаңтар 2018 ж. 166

НАНОТЕХНОЛОГИЯ

15 қаңтар 2018 ж. 160

Ум ребенка – в пальчиках.

13 қаңтар 2018 ж. 177