» » Қазақ күнтізбесіндегі ай амалдары

Қазақ күнтізбесіндегі ай амалдары

Қазақтың этнографиялық мәдениетінің ең бір тылсым, құпиясы көп саласының бірі – күнтізбедегі аталған ай амалдарының мәселесі. Қазақ халқы күн мен айдың қозғалысын, көптеген жұлдыздардың туатын және бататын кездерін жақсы білген. Соның негізінде байтақ далада жол тауып, жыл мезгілдерін айырып, мал алу мерзімдерін біліп, уақытты есептеп отырған. Қазақ халқы табиғат құбылыстарын бақылай отырып, көпжылдық тәжірибелерін қорытып, ауа райын болжап астрономиялық түсініктері мен білімдерін жинаған. Жазба күнтізбесі болмаса да, жыл он екі айды өзінше зерттеп, өз ойларына түйген қазақ халықтары он екі ай ішіндегі әртүрлі амалдарды атадан балаға мирас қып, сабақтай білген. Амал ұғымы көшпелі қазақ тұрмысы мен дүниетанымында маңызды рөл атқарған. Қазақтың көне күнтізбесі бойынша амал дегеніміз – әр айда адамға, малға, егіс дақылдарына жайсыз және қолайлы жағдайларды межелеп отыру, әр өндіріс науқанын жүргізетін мезгілдерін белгілеу үшін жұмсалатын уақыттың жалпы атауы. Халық бір жыл ішіндегі айналмалы қар, жаңбыр, ыстық, суық, аяз, жел, боран сияқты құбылыстарды бір сөзбен амал деп атаған. 
Құс қанаты  «Құс қанаты» ұғымы жыл құстарының көктемде келуіне және күзде қайтуына сәйкес келетін амал. «Құс қанаты» наурыз айының 26-28 күндеріне тиесілі. Көктем мен жыл басы наурыздың соңына қарай жылы жақтан құстар келе бастағанда қар аралас жаңбыр жауады, суық жел тұрады. Мұны халық құс қанаты деп атап амалға жатқызған. Құс жолынан адаспас ұғымы жыл құстарының келіп қайтуына байланысты қалыптасқан. Сондықтан наурыз айының соңғы күндері ауа-райы күрт өзгерсе, қариялар «Жарықтық, құс қанаты ғой, бұл» деп жатады. Ең алғаш өлкемізге келетін құстың бірі – қараторғай. Бұл кезде қайтқан құстардың сусылдаған ызғарынан күн суып, жапалақтап қар жауады. Мұны сол жылғы соңғы қар деп есептейді.  Бесқонақ  Наурыз айының соңы мен сәуірде боран соғып, жаңбыр жауып ауа-райы құбылса “бесқонақ” басталады. Бесқонақ – ежелгі түркілерде қолданылған, күн қозғалысына негізделген күнтізбе. Жыл ұзақтығын 12 айға бөліп және оған қосымша күндермен есептейтін күнтізбе ескі жылдың соңы мен келе жатқан ортасындағы аралық күндер қосымша күндерге саналады. Бесқонақ күнтізбесі қыпшақ, оғыз тіл тобына енетін түркі халқының күнтізбесіне негіз болған. «Бесқонақ» деп «өліараның» тууына дейінгі көрінбей тұратын күндерді, осы сәуір айында түсетін жауын-шашынды, суық, әрі лайсаң күндерді атап, халық осы бесқонақты күтіп, қатты сақтанатын болған, ол бес күнге созылады. Кей жерде сәуір (көкек) айындағы бесқонақ амалы өтпелі, қазіргі малшылардың өздерін де күн райы қанша тамылжып тұрса да, жайлауға көшпеген. Өйткені бесқонақ амалы кезінде ең болмағанда үш-бес күндік суық, қар аралас жаңбыр болмай қоймайды. Бесқонақ өтісімен арқасын сәл де болса кеңге салып, көктемгі шаруаға дайындалады.  Отамалы  Отамалы сәуірдің онында кіріп, он бесінде шығады. Отамалы деген – оттың, көктің, шөптің амалы деген сөз. Өйткені, 3-5 күнге созылған осы амал кезінде, күн шұғыл суып қарлы жаңбыр жауады. Бөктерлерде едәуір қар да түседі. Артынша күн жылдам жылынып, ылғал мен топырақ қызуынан көк жапа-тармағай тебіндей бастайды. Осы амалға байланысты аңыз бойынша сіріңке жоқ заманда көрші ауылдан от алуға барған әйел қайтып үйіне жеткенше бұрқақта адасып, үсіп өледі. Осыдан отамалы атанған. «Отамалы – оңына бақса, от алғанша, терісіне бақса оталғанша» деген мақал бар. 
Құстар жұмыртқалап болған соң, "Қызырдың қамшысы" амалы келеді. Сәуір айының он бесінен кейін алғаш рет найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жер бусанады. Осы кездегі найзағайдың жарқылын "Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс біржолата кетті" деп есептеген. Сәуір айының соңында 2-3 күнге созылатын суық жел соғып, тобылғы жарған амалы басталады. Яғни бұл кезде де күн салқындап, жаңбыр жауып, күн күркірейді. Қариялар осы кезде тобылғының бүршік жаруы, яғни өсімдіктердің тамыр жаюы деп, «енді жерге көк шығады», – деп қуанады.  Қызыл жұмыртқа  Мамыр айының алғашқы онкүндігінде бір-екі күнге созылған суық болады. Бұл дала (су) құстарының жұмыртқасынан балапанын шығаратын кезі. Халықтың түсінігінше осы мезгілді «Қызыл жұмыртқа» деп атаған. 
Құралайдың салқыны шамамен мамыр айының жиырмасына қарай болады, яғни көктемнің үшінші айы мамырдың аяғына қарай қатты суық жел тұрады. Ол жерді біршама кептіргенімен, оны қатты суытып жібереді. Сол кезде тау басына бұлт төніп, аспан бұзылады. Бұл – аң төлдейтін мезгіл. Осы кезде киіктер лақтап болып, құралайын суық жерден тұрғызып, жүгіртіп өргізеді. Киіктердің төлдеуі екі-үш күнге ғана созылады. Мамыр айының аяғында болатын осындай суық күндерді "Құралайдың салқыны" деп атаған. Қазақтар құралайдың салқынын күтіп, одан да сақтанатын болған. 
Таразының тууы  Тамыз айының ортасында ауа райы салқын тартып, қою бұлт пайда болып, алғашқы күз нышаны бiлiне бастайды. Қазақ есепшілері бұл жұлдыздың шығуына қарап: «Таразы туса – таң салқын, бидай, тары піседі» деп тұжырымдаған. Осы кезеңді таразының тууы деп атайды.  Мизам шуақ  Қыркүйек айының екінші онкүндігінде салқын басталады, жаңбыр жауады, түнде шөп басына шық түседі, бірақ шуақты күндер де болады. Осындай ауа-райы салқын тартқан кезде далада ұзыннан-ұзақ шұбатылған мизамдар көрінеді. Суық кездегі мұндай жылы мезгілді мизам шуақ деп атайды.  Сүмбіленің суы жүрді  Сүмбіленің суы жүрді амалы тамыз айында болатын амал. Қазақ «Сириус» шоғыр жұлдыздарын «Сүмбіле» деп атайды. Сүмбіленің суы жүрмек, сондықтан "Сүмбіленің суы жүріп пе екен?" деп сұраған қазақ. Сүмбіле жаңбыры болып өткен жердің көдесінің түбі көк, малға от болады деп, жылқыны қыста сол жерге жайған. Халқымыз «Сүмбіле туса – су суыр» – дейді, яғни отын-су жинап, жылы үй дайындап, қыстың қамын ойластырған. Осы кезде суық күндер туып, жаңбыр жауып, күз басталады. 
07 қараша 2018 ж. 77 0

Мақалалар

Әбілхан әлемі

15 қараша 2018 ж. 3

50 доллар және адам қадірі

07 қараша 2018 ж. 109

Қазақ тілі туралы 30 дерек

24 қыркүйек 2018 ж. 232

Табиғат таңғажайыптары

22 қыркүйек 2018 ж. 310

МЕНІ ҚҰТҚАРҒАН – «ОМПЫ»

15 қыркүйек 2018 ж. 181

ТОЙЛАР ТУДЫРҒАН ОЙЛАР

27 қаңтар 2018 ж. 497

Бүгінгінің білім сапасы

18 қаңтар 2018 ж. 464