» » Аспандағы алып қауақ, алыстарға жеткізер қалықтап-ақ

Аспандағы алып қауақ, алыстарға жеткізер қалықтап-ақ


Зеңгір көкке самғау кімге арман болмаған? Баяғы 
Икар заманынан бері. Ол – грек мифі. Икар мен әкесі Дедалдың қапастан құтылу үшін құс қауырсынынан қанат жасағаны жайында. Осы аңызды естімесе де «Меккеге қажылыққа ұшып барамын» деп екі білегіне бірқазанның қанатын таққан қазақ Кәмей туралы ертеректе бір мақала жазғанбыз. Зеңгір көкке самғауды ұлы суретші және теңдессіз өнертапқыш Леонардо Да Винчи іштей көксеген. Милан кітапханасының жертөлесінде қанаттың үлгісін салған 150 сызбасы үш ғасыр ескерусіз жатыпты. Ол тікұшақ пен парашюттің нақты жобаларын жасаған. Орыстың Циолковскийі де біздің тақырыпқа өзек болып отырған алып қауақты, яғни дирижабльді қиялмен елестеткен.
Индианоладағы Әуе шарлары мұражайында адамзаттың алғаш сопақ доп сияқты жабынды астында қалай ұшқанынан бастап осы заманғы гондолдың жеті атасы жайындағы ақпараттар мен үлгілер бар. Мұражай шетіндегі кәде-сый дүкенінен ескерткіш үшін қаптаған әуе шарлары бейнеленген галстук пен шалбардың ышқырын тартып тұрғыш сатып алып едік. Ол кезде түсі бірдей галстук пен шалбар тартқыш тағу сән еді. Тірі кезінде эфирден түспей тұрған Влад Листов деген ресейлік тележүргізуші бастап берген сәнқойлық қой.
Өзіміздің жеке естелігімізді түгендеп болсақ, енді әуе шарларының жалпы адамзаттық шежіресіне тоқталайық. 1852 жылы Генри Гиффар деген өнертапқыш ішіне ыстық газ үрленетін жұқа жабындыны жерден биікке көтерген. Сөйтіп, әуе шарлары арқылы ұшу жүзеге асқан. Бұл жаңалық жер-жерде қолдау тауып, тіпті, спорт түріне айналды. Алматыда сондай спортшы әйелден сұхбат алып едік қай бір жылы.
Оның алдында тәуелсіздікке қол жетпей тұрғанда Балтық бойындағы елдердің бірінен әуе шарымен ұшатындар келіп өнер көрсеткен. Алматының Брежнев атындағы алаңында ыстық ауамен үрленіп жатқан алып шар астындағы төрт құлақшасына арқан байланған қорапшаға бізді де отырғызып, біраз биіктеген соң латыш спортшылары сырт көз бен құлақ жоқ аспанда Кеңес Одағынан шығуды, «ұлы» халықтың уысынан құтылуды сөз еткен. Ертесінде жып-жылмағай етіп «әуе шарлары Алатау аясында алғаш самғады» деп репортаж жазғанбыз. Кейін фото мен бейнеден қалықтап жүрген әуе шарын көрсек, спорттан гөрі саясатты көздеген сол сәт көзге елестейтіні бар.
Ал, бостандық туралы арманы аспанда қалған үндістердің ежелгі мекені Айовадағы мұражайда әуе шарлары жайындағы небір дерекке қаныққанбыз. Әуеде шармен қалықтау – ермек пен спорттың қоспасы. Олимпиадалық тізімге кірген емес. Бірақ, анда-мұнда жарыстар өтіп жатады. Қашықтық пен жылдамдық әр жағдайда әртүрлі. Ауаның ағысына қатысты. Нақты бір бағыты, бағдары болмайтын спорт. Әлгі ұшарын жер, қонарын сай білетін қаңбақтың аспандағы түрі. Бірақ, «толқынды толқын тудырады» демекші, дәл осы әуе шарлары өз кезегінде жаңа техникалық шешімге бастаған.
Гондолдар ыстық ауаға іші толған шақта қалықтап көтеріледі. Өйткені қызған ауаның салмағы жеңілдеп, салқын ауадан жоғары шығады. Ал бірден қаусырма ішін жеңіл ауаға толтырса қайтеді? Ол да жоғары ұшуы керек қой.
Сөйтіп, жасалуы мен жиналуы жеңіл әуе шарларынан кейін бітеу қауақтардың дәуірі басталды. Оның аты – дирижабль. Біздің сөзіміз сол дирижабль дәуірінің қысқа, бірақ тағылымды болғаны туралы. Абайша айтқанда «батырлық, байлық кімде жоқ, ғашықтық жөні бір басқа» дегендей.
 
ПАРИЖ. Темір мұнарасына телмірткен қала. Он тоғызыншы ғасыр соңында кезекті Бүкілдүниежүзілік көрмеге жиналған қауымды таңырқату үшін салынған инженерлік ойдың шыңы іспетті Эйфель мұнарасын айналып жүріп, бір кезде оны айналып дирижабль ұшқанын көзге елестеттік. Арада жүз жылдан астам уақыт өткенмен, мұнараның өзін таңсық көрушілер жетерлік, ал ана оқиғаның қандай әсер бергенін тілшілік түйсікпен сезінгенбіз.
Он сегізінші ғасырдың соңында Тура қаласының тумасы, мамандығы бойынша математик, толық аты-жөні көш-құлаш Жан Батист Мари Шарль Менье деген өнертапқыш алдымен біз сияқты әуе шарымен ұшып көреді. Сосын басқарылатын және қауақ түріндегі ұшатын аппарат жасауға кіріседі. Қауақты қозғау үшін үш ебелек қойыпты. Жерде тұрғанда ол ебелектерді сексен адам жабылып айналдырып көрген екен. Бірақ, көкте оны қозғауға қабілетті қозғағыш таптырмаған. Шарль Меньеден кейін шарды басқаруға ағайынды француздар – Монгольфелер білек түре кіріседі. Бірақ оның бірі Жозефтің өз інісі Этьенге жазған хатындағы «шарды басқарудың еш мүмкіндігі табылмады, шамасы ауаның ағысын зерттеу керек шығар» деген сөздеріне қарағанда олар да ешбір табиғат құбылысына тәуелділікті мойындап, басқа техникалық шешім таба алмаған.
Әуе шарларының шежіресінде Бланшар дегеннің өз гондолына екі ескек орнатқаны туралы жазылған. Бірақ, ауаңыз судан да сұйық, сондықтан аспанда ескек ескеннің терлеткеннен басқа пайдасы болмағанға ұқсайды.
Арада жарты ғасырдан астам уақыт өткенде, осы идеяға келесі француз Анри Жиффар қайтып оралады. Ол қауақтың астына адамзаттың игілігіне жасала бастаған бу қозғағышын орнатып, 1852 жылы 24 қыркүйекте әлемде алғаш дирижабльмен ұшып көреді. Салмағы 45 келі тартатып, қуаты 2,2 киловатттық бұл қозғағыш жылдамдығы секундына 3 метр болатын желге /бұл қазақы қисынмен, бар болғаны самал ғана/ қауқар таныта алмайды.
Жиффарға жарты аспанды бүркеп тұрған алып аппаратты жүргізу де, басқару да оңай болмады. Желге қарсы ұша алмағанмен ол алып қауақты әрі-бері бұруға көндірді және желге бүйірін төсеп көлденеңдеп ұша алды. Әттең, бу қозғағышы көмірмен жұмыс істейтінін ескерсек, алысқа аттану үшін Жиффарға қаншама қапшық көмір керек еді десеңізші. Жиффар қалай болғанда алып қауақты басқаруға болатынын дәлелдеді. Және содан бастап бұл ұшатын денеге дирижабль, яғни французша «басқарылатын» деген ат берілді.
Енді отыз екі жылдан соң электр қозғағышы бар әскери дирижабль жасалды. Оның да иесі – француздар. Бұл қауақтың ұзындығы 52 метр еді. Аспанда ұшқан 23 минутта ол 8 шақырым қашықтыққа жеткен. Өкінішке орай мұндай дирижабльдер бірер рет ұшудан арыға жарамайтын. Өйткені, қаңқалары мен қаптамалары әлсіз еді.
Жалпы, дирижабльді көрген адамның есіне алдымен сигар түсетін. Бұл нағыз дәулердің тартатын сигары іспетті. Қауақтың бірнеше бөлікке бөліп, ішіне жеңіл газ толтырылады. Сол жеңіл газ бірталай жүкті көтеріп алып қалықтап тұруына мүмкіндік береді. Ал ұшып кетуі ұшқыштар отыратын төменгі басқару бөлігіне орнатылатын қозғағыш айналдыратын ебелектер арқылы жүзеге асады.
Негізінде, қозғағыш екеу. Екі қапталға орнатылады. Сол арқылы дирижабльді оң мен солға бұра аласыз. Мектепте оқып жүргенде трактор айдауды үйрететін сабақ болып еді. Сосын шынжыртабан тракторды айдатқан да. Бір көсеуін өзіңізге тартсаңыз, ол жақтағы жыланбауыр айналуын тоқтатып, келесі жыланбауырдың жүрісімен трактор солай қарай бұрылатын. Мұның да маневрі дәл осындай. Екі қозғағыш бірдей істеп тұрса, дирижабль әжептәуір жылдамдықпен түзу ұша береді. Жылдамдықты арттыру үшін оған үшінші қозғағыш орнатқандар да болған. Оны сәлден соң өз кезегінде сөз етерміз.
Бастапқы бу, одан соңғы электр қозғағыштарының дәуірі ұзақ болмады. Біріне көп көмір керек. Екіншісінің қуаты ұзаққа шыдамайды. Ақыры, жер бетінде іштен жану қозғағыштары пайда болып, автомашина жасала бастаған шақта оны дирижабльге орнатушылар шығады. 1901 жылы 19 қазанда француз әуеде ұшушысы Альберто Сантос-Дюмон осындай алып қауақты аспанға көтерген. Ол сағатына 20 шақырымдық жылдамдықпен мына Эйфель мұнарасын айналып ұшады. Біздің мұнара түбінде еске алып тұрғанымыз осы оқиға болатын.
 
ВАЙНГЕРТЕН. Тоқпақтай мұрты украинның қазақ даласына амалсыз тап болған кобзары Тарас Шевченкодан аумайды. Бірақ, киімінен ғана емес, келбетінен бекзаттық сезіледі. Үшкіл жағалы көйлек, оған көлденең тағылған «көбелек» аталатын мойыншақ, қыртыс түспеген жилет пен костюм – бәрі тас тақтайшаға қапысыз бедерленген екен. Шегір көздері алдыға тура қарамай, жоғарыға қадалған. Бұл тегін емес. Германияның Вайнгертен атты шағын қаласындағы фон Цеппелиннің құрметіне қойылған тақтадан осындай ой түйесіз. Тақта Цеппелин-штрассеге, яғни осы мырзаның, анығында графтың атымен аталатын даңғыл бойына орнатылған.
Француздарден кейін дирижабльмен түбегейлі айналысу кезегі немістерге келеді. Анығында бар неміс емес, жалғыз жан. Фердинанд фон Цеппелин. Жаңа құрылық Америкада Азамат соғысы қызып жатқан тұста сол жаққа барып, әлгі әуе шарын көреді. Оның қапшығына отырып, көкке көтеріледі. Елге оралған соң француз-прусс соғысына барлаушы болып қатысады. Өздері құрсауға алған Парижде адамдардың әуе шарымен көкке көтеріліп жатқанын байқайды.
Бұл соғыс біте салысымен Цеппелин корольге хат жазып, Германияға үстемдік беретін алып қауақтар жасау туралы ұсынысын білдіреді. Өзі әскери қызметтен босап, түбегейлі түрде дирижабль жасауға кіріседі. Король ұзақ ойланыпты, тек 1905 жылы әуеде жүзетін кемеге жасауға арналған ізгілік лотереясы өтеді. Графтың өзі өмір бойы жинаған 400 мың маркасын осыған жұмсайды. Бірінші және екінші дирижабльдер сәтсіздікке ұшыраған. «LZ-2» деп таңбаланғаны 450 метр биіктікке көтерілген. Бірақ аспанда оның рулі істен шығады, екі қозғағыштың бірін «Құдай ұрады». Әупірімдеп жерге қондырылған алып қауақты түнде қатты жел қиратып кетіпті. Үшіншісі сегіз сағат ұшады да, тағы да желге жем болады.
Не керек бар ақшасын шашқан, әулеттің бүкіл дәулетін сарп еткен граф бағытынан таймайды. Оның төртінші дирижаблі «LZ-4» 12 сағат бойы тоқтамай ұшады. Осыны көрген әскерилер цеппелиндер жасауға тапсырыс беруге тырысады. Рейхстагты дирижабльдер жасау үшін бір жарым миллион марка бөлуге көндіреді. Бұл кезде жасы 69-ға келген граф іске қайта құлшына кірісіпті.
Ақыры Бірінші жаһандық соғыс кезінде оның алтыншы алып қауағы кәдеге жарап, Льеж қаласынан үрей әкеледі. Бірақ, бауырын топтың жарқышағы тесіп, кері қайтады. Жерге қонарда қирап қалады. «Z-ІХ» яғни Цеппелиннің тоғызыншы туындысы Антверпен қамалына ол тұста бомба болмағандықтан, снаряд тастайды. Және өзі бұлт арасына жасырынып, байқалмай ұшып өтеді. Кешікпей немістер бұл үшін авиа бомбаны жасап үлгереді.
Жаһандықалғашқы соғыс кезінде Германия 88 дирижабль құрастырған. 25-і техникалық апатқа ұшырайды, 46-сын қарсыластар құртады. 6-сы хабарсыз кеткен. Ақыры Германия тізе бүккенде 7 қауақты жауға тастамас үшін өздері бұзып тастайды. Дирижабль жеңіске жеткізе алмаса да қарсыластарды қиратуға үлкен үлес қосыпты. 1915 жылы 19 қаңтарда цеппелиндер британ аралдарындағы бірқатар нысандарға бомба тастайды. Әскери зауыттар бүлінбесе де, бірнеше тұрғын үй қирап, 4 адам қаза тауып, 16 адам жарақат алады. Екі күннен кейін «Кельнише цайтунг» газетіндегі бас мақала: «неміс инженерлерінің данышпандығымен жасалған ең жаңа қару – дирижабль жауымыздың жүрегін жарақаттауға жарап келді» деп жазыпты. Расында, бұл – неміс инженерлерінің данышпандығынан гөрі жалғыз граф Цеппелиннің табандылығымен жасалған қару еді ғой.
Соғыс соңына қарай дирижабль жетілген әуе машинасы болды. Олар оңайшылықпен қирай қоймайды. Басқару оңайланады. 1919 жылы немістер сыйымдылығы 101 мың текше метрге тең, 8600 метр биіктікке көтерілетін, 10 «Майбах» қозғағыштары қойылған «L-100» атты бұрын-соңды болмаған дирижабль құрастыруға кіріседі. Бірақ, жаһандық соғыста тізе бүккен империяның оған уақыты жетпепті.
Айтпақшы сол соғыстың соңында патшалық елден большевиктік елге айналған Ресей де дирижабль державасының бірі ретінде танылыпты, мұнда майдан үстінде 20 шақты алып қауақ қалықтап жүрген.
 
СТОКГОЛЬМ. Көркімен ерекше көз тартатын Швеция астанасы да талай дүрбелеңге куәгер болған. Мынау жағалаудағы ескерткіштер солардың белгісі. Осы қала аспанында бір кезде алып дирижабль айналып ұшыпты. Нақты бір үйдің үстімен өтіп, ол үйдегі анаға дирижабль ішіндегі баласының сәлемі бар хат тастайды. Ана үшін «бала» болғанмен сол 1928 жылдың өзінде хат иесі аты дүниенің төрт тарапына түгел мәшһүр болған ғалым, саяхатшы еді.
Мальмгрен Солтүстік полюске екінші мәрте аттанып жатқанда ол отырған дирижабльдің анасының үйін айналып ұшып өткені жөн болмаған деп ойладық біз швед астанасында тұрып. Еуропа топырағын басып тұрғанымызбен қазақы қисындар есімізге түскен. Аналарымыз «үйді айналма» дейтін. Аталарымыз «алысқа жол шеккенде артыңдағы ауылға қараушы болма» дейтін.
Беріде ХХ ғасырдың 50-60-жылдары шведтер өз астанасының келбетін өзгертіп, қайта салды. Мальмгрен атты Солтүстік полюсті зерттеушінің анасы тұрған үй қай тұста қалғанын білмедік. Ал, кезінде бұл үйді дирижабль экипажы ғана емес, кейін сол экипаж әлемді елеңдеткен оқиғаға тап болған соң бүкіл Кеңес Одағы білген. «Италия» дирижаблінің аман қалған адамдарын құтқарған «Красин» мұзжарғыш кемесінің командасы сол үйге келіп Мальмгреннің анасымен танысқан. Қайғысына ортақтасып көңіл айтқан.
Өзі «Солтүстікті зерттеушіге, оның анасына, мұзжарғыш кемеге дирижабльдің қандай қатысы бар?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Қатысы болғанда қандай? Бұл ХХ ғасырдағы үлкен апаттың бірі, жаңғырыққа толы жүзжылдықтың ерлікке, қаһармандыққа, бәлкім бір тұсында адам етін жеген азғындыққа қатысы бар хикаясы.
Енді нақты оқиғаға ойысайық. Анасы үшін әрдайым бала болып қалатын 33 жасар шведке 1928 жылы арнайы ұсыныс түседі. Одан екі жыл бұрын атақты Амундсен бар, Мальмгрен бар зерттеушілер «Норвегия» атты дирижабльмен Шпицберген аралынан бастап Солтүстік полюс арқылы Канадаға ұшып өткен. Осы дирижабльдің капитаны болған итальяндық генерал Нобиле екі жылдан кейін өз елінің атымен аталатын дирижабль жасатады. Оған генерал атағын әлгі атақты полярлық әуе саяхаты үшін берген. Әрі Неаполи техникалық колледжінің профессоры атанған. Енді Корольдік жағырапия қоғамының және Милан қаласының қолдауымен су жаңа генерал өз елінің атын аспандатуды көздейді. Бірінші сапар «Норвегия» дирижаблімен жасалған, қазақ «кімнің арбасына отырсаң, соның жырын жырлайсың» демей ме?!
Жаңа экипажға екі жыл бұрын сапарда сенімнен шыққан бірнеше отандасын, әлгі шведті және чех ғалымы Бегоунекті шақырады. Бұл жолғы ғылыми зерттеу аясы кеңейген. Әуедегі электрлену мәселесін чех ғалымы Бегоунек, Жердің магниттік тақырыбын итальяндық профессор Понтремолли, мұхиттық тексерулерді швед оқымыстысы Мальмгрен жүргізуі керек. Әрі Солтүстік полюске екі-үш адамдық арнайы топты түсіріп көру ұйғарылған.
Айтпақшы, ғалымдар, штурмандар, механиктер, арқан тастаушы, тіпті журналистен тұратын экипажбен бірге дирижабль ішіне генерал Нобиленің сүйікті иті Титан да кіріпті. Шана, үрмелі қайық, шаңғы, жылы киім, шатырлар, түнемел қап, екі радиоқұрылғы, басқа ғылыми құралдардың салмағы 480 келі тартқан. Ал азық-түлік одан сәл қалыңқы – 460 келі көрінеді.
Көктемнің тура ортасында бұлар Миланнан ұшып шыққан. Жол-жөнекей тоқтап, мән-жайды қосымша анықтап, швед ғалымы анасының үйіне әуеден сәлем жолдап, ақыры 11 мамырда «Италия» Франц-Иосиф жері аталатын аралға тұмсық түзейді. Бірақ қатты желге қарсы ұшу қиындық туғызып, Мальмгреннің ақылымен генерал Нобиле кері қайтуға бұйрық берген. Екінші рет бір жарым тәулік ұшқанмен тағы ауа райы қолайсыздығынан кері оралады.
Үшінші жолы 23 мамырда Солтүстік полюсті бетке алған. «Ер кезегі үшке дейін» деген рас шығар, бұл жолы бұлар алған беттен қайтпай діттеген нүктеге жетеді. Тура Солтүстік полюс үстіндегі айқұш-ұйқыш тілімделген жал-жал мұздарды көген соң дирижабльді қондыру тұрмақ, десант тастау қисынсыз көрінген. Осы жерде алып қауақ қалықтап тұрып, жоғарыдағы үш ғалым тиісті зерттеулерін жүргізеді. Одан кейін Рим Папасы дұғалап берген ағаш ашамайды және Италияның Мемлекеттік туын төбеден салтанатты тастапты. Тек алдағы әрекет қалай болады дегенде пікір екі жарылған.
Кері оралу қиын, манадан арттан итерген жел енді қарсыдан соғады. Нобиле ары қарай Канадаға өте беруді ұсынады. Бұған ғалым Мальмгрен қарсы болыпты: «Канадаға дейін 10 сағат ұшу керек, оған дейін желдің бағыты өзгеріп кетуі кәдік». Генерал ғалымның уәжіне қарсы келмепті.
Тұмсығын желге қарсы бұрған дирижабльдің командасы кері қайтудың қамына кіріскен. Қайсар жандар 30 сағат желмен арпалысқан. Қарсыдан соққан дүлейдің жылдамдығы сағатына 40 шақырымға дейін жетіпті. Жел ызғырық әрі ылғалды. Суық тәнді ғана емес, жанды қарығандай. Сонда да әркім өз ісін істеп отыр. Генерал екі тәулік ұйықтамаған. Тас түнектің дүлейімен алып қауақ арпалысып-ақ келеді.
25 мамыр, таңғы сағат он жарым еді. Кенет биіктікті ұстайтын руль қарысып қалады. Дирижабль кілт төмендейді. Қос моторды өшіре тұрып, рульді қатқан мұздан босатып, қайта қажет биіктікке шығады. Алыстағы өздері ұшып шыққан нүкте Кингсбейде тұрған итальяндық «Читти ди Милано» кемесінен радио хабар алады. Жел де бәсеңдепті. Бар қиындық артта қалды деген шақта дирижабль тағы төмен шөге бастапты. Мана аузы ашылған ауа босатқыштың қайта дұрыс жабылғанын тексеруге маман кетеді. Бірақ ешбір әрекеттен пайда болмайды. Тегіс емес, түйенің өркешіндей ойқы-шойқы мұз үстіне құлайтындары енді анық екен.
Генерал өрт шықпауы үшін моторларды сөндірген. Салмақты ұстап тұруға керек 300 келілік қорғасын шарларды енді жеңіл құлау үшін лақтырып тастауға бұйрық береді. Бірақ, ол шарлар кептеліп шыққанша дирижабль мұзға соғылған. Бітті!
Алдымен, моторлар орнатылған артқы гондол ұрылады. Сол сәтте қозғағыштар жұмысына жауапты механик Помелла жаншылып қалып, қаза тауыпты. Одан алдыңғы басқару рубкасы соғылған. Мұзға қыстырылған әлгі ауыр шарлардан құтылып, бауырына бекітілген алдыңғы және артқы салпыншақтары сыпырылып, салмағы аяқ астынан жеңілдеген дирижабль қайта көкке көтеріледі. Енді оны ешкім басқара алмайды. Ішінде профессор Понтремолли, Ардуино, Чокка және Наратти атты үш механик пен арқан тастаушы Александрини мен түнемел қап ішінде қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан Лаго деген журналист кетеді. Олардың одан арғы тағдыры белгісіз.
Қатты соққыдан есеңгіреген генерал көзін ашқанда қасында жараланып жатқан Мальмгренді, Дзаппиді және Чечониді көреді. Ал Мариано, Вильери, Бегоунек, Трояни және Бьяджи өз аяқтарымен тұр екен. Бұдан арғы хикаяның дирижабльге қатысы жоқ. Оларды мұздан тауып құтқару операциясы талай естелік пен кітапқа өзек болған. Тіпті, үлкен экранға шығарылған: бұл туралы Кеңес Одағында «Қызыл шатыр» атты кино түсірген. Фильмді шынайы оқиғаларға негіздеуде тырысқанда дирижабльмен ұшқандарды құтқарған «Красин» мұзжарғыш кемесінің уақыт өте келе өзгеріске ұшырағаны анықталды. Оның үстіңгі жағына алпысыншы жылдары тікұшақ алаңын жасаған екен. Амалы жоқ фильмге басқа мұзжарғыш «Сибиряков» түседі. Ал дирижабльдің макетін сол «Италиядан» айнытпай жасаған.
Мұз үстінде қалған алғашқы күндердің бірінде Мальмгрен ақ аю атып алып, бәрі оны азық еткен. Бірақ, Мальмгреннің өзі де кейін азыққа айналып кетті деген болжам бар. Өйткені, біраз күннен кейін экспедицияның екі мүшесі «бұлай жата беруге болмайды, қара жерге дейін жетуіміз керек» деп генералдан рұқсат сұрайды. Сол кезде «бұлар Мұзды мұхиттың сырын білмейді, жолдан адасып аштан өледі» деп жаны ашыған ғалым оларға жолбасшы болуға келіседі. Кейін құтқарушылар анау екеуін табады, арасында Мальмгрен жоқ. Табылғандардың бірі соқыр болып қалып, «ғалымның жөнін екіншісінен сұраңдар» дейді. Екіншісі болса «ол жолда өліп, көміп кеткенбіз» дейді. Бірақ, соқыр болып қалғаны әбден жадап-жүдесе, екіншінің бет-әлпеті мен күш-қуаты бір ай ашыққан адамға ұқсамаса керек. Сонда ол адам етін жеген сияқты. Хош, ешкім көзбен көрмеген кеп. Көруі тиіс жолдасы соқыр болып, арада біраз уақыт өткенде емделіп, жанары қайта көріп кетіпті.
Мұзда қалған негізгі топтың рациямен берген белгісін оншақты күннен кейін кеңестік оқушы-радиоәуесқой естіп қалады. Сол арқылы үкімет қуатты «Красин» мұзжарғышын ауыр сапарға аттандырады. Апаттан 48 күн өткенде экспедиция мүшелері мұз қыспағынан құтқарылған.
Ал дирижабль ішінде кеткендер ше? Оларды Кеңес үкіметі басшыларының рұқсатымен қыркүйек айында қайтадан іздестірген «Красин» мұзжарғышы солтүстік ендіктің 81 градус 47 минутына дейін барып қайтады. Дирижабльдің ең болмаса қаңқасы табылмаған. Келер жылы кезекті іздеу тобы ит жеккен шанамен сол алып аймақты шарлайды. Көзге ештеңе ілінбейді. Алты адамды алып кеткен не қозғағыш, не бұрғышсыз алып қауақ ізім-қайым жоқ болды. Бұдан гөрі көптің көз алдында қирап, харап болса, жолдастары мен туыстарына жеңіл тиер ме еді. Оның да мысалы бар. Дәл дирижабльге қатысты.
 
НЬЮ-ЙОРК. АҚШ-тың мақтаныш қаласы. Өз кезегінде қаланың мақтанышы – ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы дағдарыстан өтуді әйгілеген Эмпайр Стейт билдинг зәулімі. Осы зәулімде тұрып бір кезде қалықтап өткен алып қауақты көзге елестеттік. Тура мына 86-шы және бұдан да жоғары 102-інші қабаттағы тамашалау алаңдарында талай адамдар аспандағы күміс сигар тәріздес ұшатын машинаға таңырқап, қызықтап қараған. Күміс сигардың құйрық жағындағы фашистік қара белгі – свастика да онда ешкімді шошындыра қоймаған. Бір зәулім емес бүкіл қаладағы мың-мыңдаған адамдарды көкке телмірткен керемет әлбетте, дирижабль болатын.
Американың ол кездегі басты мақтанышы – Эмпайр стейт ғимараты. Отызыншы жылдары-ақ елдің дамығанын, қуатының артқанын, төбесі көк тірей бастағынын әйгілеп тұратын. Енді сол ғимаратқа шығып, басқа бір кереметке көз тіккендер жер жүзінде АҚШ-тан да басқа мықтының шыққанын мойындауы керек. Сондағы мықты мемлекет қайсы?
Зәулімнің жанынан жайымен қалқып бара жатқан алып қауақ – жолаушылар тасуға арналған теңдессіз әуе көлігі Еуропа мен Америка аспанына еркін қалықтап, Германияның атақ-даңқын көптің көзіне көрсетуге қажет еді.
Соғысқа дейін бұл әуе алыптары жолаушылар тасуды бастаған. Алғашқы дирижабль Германияда екі қала арасына кісі жеткізу үшін 1910 жылы сапарға шыққан. Фердинанд фон Цеппелин қайтыс болған кезде жасалып бітіп, соның атымен «Граф Цеппелин» аталған дирижабль он жылда 13 мың жолаушы тасиды. Осылайша алғашқы жаһандық соғыстан кейін аспанның алып қауақтары қайтадан бейбіт заманға қызмет етуге кірісті. Графтың өз атымен аталған аспан қауағы тек Еуропа қалалары арасында кісі тасыса, енді континетаралық қатынас құралына деген қажеттік туды. Толқын тынымсыз шайқайтын кемелер екі құрылық арасындағы жолаушыларды жалықтырып біткен еді.
Осы мақсатқа Германияда 1927 жылы LZ-127 дирижаблі құрастырылды. Әлбетте, оны кезінде Фендинанд Цеппелин қалыпастырған компанияның зауыты жасап берген. Оған Германияның қайтыс болған президенті Гинденбургтің аты берілді. Бұл ұсынысты Гитлер өзі жасапты дейді.
Ол өте сенімді және дамыған әуе көлігі деп танылды. Тұрқы мынадай. Ұзындығы – 236 метр, ені 30 – метр. Байланып тұратын жерінің аумағы футболдың екі алаңымен пара-пар. Айтпақшы енінен биіктігі ұзын шығыпты, ол – 33,5 метр. Қауақтың ішіне 75 мың текше метр көлемге жеңіл газ толтырылып, ол алып бөшкені аспанға көтереді. Басқа 30 мың текшеметрлік қуысына сұйық отын құйылып, әрқайсысының қуаты 530 ат күшіне тең бес «Майбах» қозғағышының толыссыз жұмысын қамтамасыз етеді. Жанармай 14 мың шақырымға жетеді. Сағатына 140 шақырымға дейін жылдамдық көрсеткенде ол төрт тәулік жерге қонбай, аспанда ұша алады. Беріде бірде-бір ұшақ қонбастан мұншалықты ұзақ ұша алған емес. Кейін күн сәулесімен алынған қуат арқылы қозғалатын ұшақтың өзі бұл рекордты жаңарта қоймады.
«Гинденбург» адам қолымен жасалып, әуеге ұшқан аппараттардың ішіндегі ең үлкені болып табылатын. Көлемі кейінгі американдық «Боинг 747» ұшағынан төрт есе ауқымды алып бөшке 1936 жылы алғаш көкке көтерілген. Және өз уақытындағы нағыз рахатқа бөлейтін әуе көлігі ретінде насихатталған. Ондай қошеметке ие болуы тегін емес: 72 жолаушыға арналған екі қабатты залдары мен рестораны бар. Шонжарлардың оңаша отыратын қаншама бөлек салондары болған. Тіпті, классикалық музыка ойнау үшін сырты алюминимен қапталған рояль қойылған. Би залы мен кітапханасы болды. Осы және басқа пайдалы қызметтер жолаушылардың шаршамай-шалдықпай мұхит үстінен ұшып өтуін қамтамасыз етті. Осының бәрі әуедегі «Гинденбургті» судағы «Титаникпен» салыстыруға негіз береді. Түптеп келгенде тағдырлары да ұқсас болып шығыпты.
«Гинденбург» әу-бастан Германия мен Америка Құрама Штаттары арасындағы әуе саяхаты үшін жасалған. Сол мақсатты біраз уақыт орындап отырған. Аптасына екі рет Атлант мұхитын көктеп өтіп, әрі-бір қатынаған. Тіпті, бірнеше рет Рио-де-Жанейроға тұмсық тіреген. Не керек 1937 жылғы 6 мамырдағы жойдасыз апат жақсы жобаның тамырына балта шауып кетті, әйтпегенде адамзаттың әуедегі ең қолайлы көлігі болуға жарайтын жөні бар еді.
Оқиғаның толық мәні былай. 3 мамырда «Гинденбург» Майндағы Франкфурт қаласынан ұшып шығады. Бұл сапарға дирижабль жасаушы компания басшыларының бірі Эрнст Лейман қосылған. Ол гестапо тарапынан «дирижабльге қастандық жасалуы мүмкін» деген ескерту алған. Сондықтан «не де болса жігіттермен бірге көремін» депті жолға шығар сәтте. Бұл жолы дирижабль капитанын да қапысыз таңдаған. Ол – Марк Прусс – тәжірибелі ұшқыш, алдында ғана жер жүзін түтін мен топыраққа көмген Бірінші жаһандық соғысқа қатысқан.
Қанша жерден сақтық шаралары жасалғанмен, гестапоның ескертпесі рас екен. Үш күн Атлантика аспанында тыныш ұшып келген алып қауақ Нью-Йоркке жетті. Дирижабльдің көлбеу жасалған терезелерінен сол кездегі ең биік ғимарат 102 қабатты Эмпайр Стейт билдинг пен оның шолу алаңдарында шоғырланған фотографтар мен тілшілер көрінеді. Одан әрі дирижабль өзі қонуы керек Нью-Джерси штатындағы Лейкхерст әскери-теңіз базасына бет алады. Ол 1921 жылдан 1961 жылға дейін «Ауадан да жеңіл» деген бағдарламаның орталығы еді. Еуропадан Атлант мұхитын көктеп Америка құрылығына ұшып барған дирижабльдердің тұрағы ретінде таңдалған. ХХ ғасырдың жойқын апаттарының бірі орын алған жерде қазір қалың ағаш өсіп тұр. Айтпақшы, осы заманның техникасының бір құдіретін қараңыз, сізді тура осы жерде суретке түсіріп, шығарып бергенде арт жағыңызда алып қауақ алаулап жанып жатады. Бұл қазіргі заманның технологиясы мен бизнесі, ал біздің әңгімеміздің желісі 1937 жылдың мамырындағы төтенше оқиға емес пе еді…
Дирижабльді қонатын алаңда және мыңдаған қарсы алушы күтіп тұрады. Бала кезімізде ауылда әр үйдің ауласында мамағаш деген болатын. Оған үйге келгеннің бәрі мінген атын байлайтын. Сол сияқты мына дирижабльді байлайтын үлкен баған орнатылыпты. Биіктігі 60 метрге тең. Өзін тұмсығынан байлап қоятын бағанға жеткен «Гинденбургтен» жерге бірнеше арқан тасталады. Соны тарту арқылы дирижабльдің бауырын жерге төсеуге болатын.
Тура осы жерде әйгілі американ журналисі Герберт Моррисонның дауысын беруге болар еді. Ол Атлант мұхитын көктеп өткен инженерлік кереметтің Лейкхерстке келуінен бүкіл елге тікелей репортаж жүргізіп жатқан: «Міне арқандар тасталды. Оның ұшын қонатын алаңдағы адамдар саумалдап тарта бастады. Артқы моторлар әлі жұмыс істеп, әуе кемесін… о тоба, мынау жана бастады. Сұмдық. Жалын тілі бес жүз футқа дейін жетті ғой…» Бүкіл ел жерге қонуға тиіс дирижабльдің өртеніп кеткенін естіді. Алаңда тұрғандар суретке тартып жатты. Тіпті, 34 секундтық кинохроникаға түсірілген. Төтенше жағдайға тап болған әуе кемесінің капитаны қаһармандық көрсетіп өртеніп жатқан қауақты бәрібір жерге қондырған!
Жолаушысы бар, экипажы бар ұзын-саны дирижабльдегі 97 адамның 35-і өртеніп және түтінге тұншығып өлген. Жердегі командадан бір адам қаза тапқан.
Нью-Йорк түбіндегі Лейкхерст базасына қонып жатып жалынға оранған дирижабль апатының басты себебі жеңіл ауа айдалатын бөліктері қауіпсіз гелий газы орнына жарылғыш сутегімен толтырылғанында деседі мамандар. Кінә техникадан емес, оны пайдаланушыдан еді. Негізінде отқа тұтанбайтын, бірақ өндіру қиын, салмағы жеңіл газды пайдалану керектігін дирижабль жасаушылар жақсы білетін. Бірақ, бұл тұста саясаттың құлағы қылтиып кеткен.
Германияда соғысқұмар Гитлер бастаған ұлтшылдар билікке келген соң АҚШ үкіметі бұл елге талай тауарды сатуға тыйым салған. Қазіргі тілмен: эмбарго. АҚШ әлі күнге Ливияға, Иранға, Сирияға, Солтүстік Кореяға, Ресейге кезек-кезегімен жариялап жататын эмбаргоңызға алдымен Германия тап болған. Гитлер бастаған фашистердің билікке келуіне қарсы жасалған қадам еді. Бұл тыйымның тізіміне гелий газы да еңгізілген. Гелий тапшы болған соң Германияда «Гинденбургты» сутегіге толтырып, аттандырып жіберген.
Лап ете түскен жалын бірнеше минутта алып қауақтың темір қаңқасын қалдырыпты. Бірақ, сутегі қопарылысына түрткі болған бастапқы ұшқынның себебін арнайы комиссия анықтай алмаған. Біреулер «найзағайдың жарқылы» деседі. Сол күні Лейкхерст аспанын қара бұлт торлап тұрыпты. Біреулер «нацистерге қарсы наразылықтың көрінісі» деседі. АҚШ тергеушілері түпкілікті шешімге келе алмай, істі жауып тастаған.
Дербес тергеу жүргізген германдық гестапо болса қауақ экипажы мүшелерінің бірі сағаттық тетігі бар жарылғыш қолданғанын анықтайды. Негізі жарылғыш тетік барлық жолаушылар мен экипаж мүшелері жерге аман-сау түскен соң іске қосылуы керек екен. Әттең, жердегі қатты желдің басылуын күтіп екі сағаттан астам әуеде артық айналып жүруі – іштегі адамдарды ажал сәтіне тап келтірген. Сол кезден бастап Гитлердің сенімді серігі боған германдық авиация министрі Геринг тергеу деректерін құпия сақтауға әмір етеді. Тек 36 жылдан кейін бұл жарылғышты экипаж мүшесі Эрих Шпель тығып әкелгені және іске қосқаны жұртшылыққа мәлім болды. Оның өзін апатта қатты күйік шалып, келер күні ауруханада қаза тауыпты.
Не керек, осы әуе «Титанигінің» талайсыз тағдырынан соң дирижабльмен жолаушы тасу доғарылған. Жолаушы тасу не, оны жасау тоқтады. Тіпті қолданыстағы дирижабльдерді бұзып, алюминиін енді ұшақ жасау үшін қайта балқытады. Алып қауақты АҚШ қана сақтап қалады. Өйткені, бұл елде қауіпсіз гелий өндірісін жақсы дамыған. Алдағы Екінші жаһандық соғыс барысында американдықтардың 170 дирижаблі 89 мың рет әскери сапарға шығады. Мұхиттағы кемелер керуенін қорғайды. Тіпті сүңгуір кемелерді анықтап, оларға терең бататын бомба тастайды.
Аздаған алып қауақ Кеңес Одағында бар еді. Олар тылда 320 мың тонна жүк тасыған. Москва мен Ленинград аспанын әуе шабуылынан қалқалаған. Ал 1944 жылы құрастырыла бастаған «Победа» атты дирижабль Қара теңізді минадан тазалау мен суға батып кеткен кемелерді анықтау жұмыстарын істейді. Тура осы миналарды табу міндетіне дирижабльдер алпыс жылдан кейін қайта оралады десе ешкім сенбес еді. Расында солай болып шықты.
 
АУҒАН ТАУЛАРЫ. Таулар тәкаппар. Жергілікті тұрғындарының мінезі содан қалыптасқаны хақ. Тастары жалама. Қарсы жақтағы Кашмирдің таулары жап-жасыл болып, түбінен төбесіне дейін ағашқа толы болса, мынау өсімдік көзге шалынатын шөп атаулыдан ада. Бірақ жалама жартастардағы ағараңдаған ешкілерге қарағанда тастың қуысы мен түбінен қылтанақ тауып жүргендері хақ. Төбеде ара-тұра қарақұстар қалықтайды. Дәл осы меңіреу таулардың үстінен алып балық жүзіп өтеді деп ешкім ойламаған.
Беріде әлемнің талай аймақтары дирижабльді ұмыта бастаған. Тіпті, ата-бабасы дирижабль көрмеген елдер жеткілікті болатын. Соның бірі – Ауғанстан. Мылтық пен оқты ұстады. Танкі мен тікұшақты мың-мыңдап көрді. Кезінде ағылшындар азат тауларды тез бағындырмақ болып мұнда Үнді мұхиты жақтан теміржол тартпаққа әрекеттенген. Соның шеті тура Ауған тауларына тіреліпті. Демек паровозды да көрген. Міне, ақыры бұл елдің қажымас қайратты әрі тағдыры сан рет тәлкекке түскен халқы дирижабльге көз қанықтырды.
Жылдам ұшып, көп жүк көтере алатын ұшақтар, кез-келген жерге ұшып-қона алатын тікұшақтар, тіпті беріде пультпен басқарылып, ұшқышсыз самғайтын аппараттар, оны айтасыз жердегіні еш қауіпсіз ғарыштан бақылайтын стансалар шыққанда дирижабль қайта оралады деп ешкім ойламаған. Қазақта «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген нақыл бар. Аспанның алып қауағы сол кебенек кигеннің өзі болып шықты.
ХХІ ғасырдағы жанжал ошақтарының жағдайын жазатын, түсіретін журналистер қауымы ең кемі екі рет дирижабль тақырыбын айналып өте алмаған. Керісінше қызықтап, сипаттап, суреттеп жазу мен түсіруге ұмтылған.
Біріншісі Балқандағы соғыстан кейін. Жер бетінде талай соғысты көрген түбек бұл. Шыңғыс ханның нояндары, Римнің крест жорығын бастаушылары, түріктің баһадүр сұлтандары, орыстың генералдары әрлі-бері асып өткен бұл Балқан түбегіндегі ақырғы соғыс жиырмасыншы ғасырдың ең соңында зорға басылды. Енді жараны жазу кезеңі бастауы керек. Балқанда бейбіт өмірді бастау үшін алдымен айналаны минадан тазалау қажет еді. Бұл өте қатерлі міндет.
Осы міндетке … дирижабль жегіледі. Оны Ұлыбританияда жасаған екен. Экипажы болса Германияда жаттыққан. Бейбіт миссияға аттанбас бұрын Женеваға ұшып келіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының Ізгілік үшін минаны адалау жөніндегі халықаралық орталығына таныстырылған. Әрі қарай Францияға барады. Одан Италияға. Иә, баяғы «Италияның» өкініші мәңгілік қалған елге бір соғады. Беріде Балқанда жатқан ескілі-жаңалы ұсақ елдердің үстімен ұшып өтіп Косовоға келеді. Осында оған бақылау жүйесі орнатылады.
Осымен аспанның алып қауағы адамзат үшін және бір пайдалы істі атқаруға жегілген. Алты апта ішінде Косовоның оңтүстігінде мыңдаған мина мен жарылмай қалған оқ-дәріні дәл анықтайды. Жердегі команда онымен тұрақты байланыс жасап, қауіпті көмбелерді залалсызданып отырады.
Балқандағы 30 мина алқабын толық тексереді. 500-ден астам сурет түсіреді. Ұзақтығы 60 сағаттық бейнетүсірілім жасайды. Сөйтіп түбектегі ғана емес, жер бетіндегі бейбітшілікке өз үлесін қосқан. Міндет орындалған соң бұл алып қауақты жерге түсіріп, жақсылап бөлшектеп, буып-түйіп өзінің жасалған жері ағылшын аралына аттандырған. Дирижабльдің бір артықшылығы – оны бұзып тастау мен қайта жинап алудың еш қиындығы жоқ. Бұл жағынан қазақтың киіз үйіне келіңкірейді.
Балқанды түгендеп болсақ, енді ауған тауларына келейік. Мұнда американдық дирижабль бірнеше жылдан бері тұрақты қолданылады. Ол таулар арасын әуеден бақылауға өте қолайлы. Тікұшаққа қарағанда арзан. Жанармайға үнемді. Ұзақ уақыт ұша береді. Ұшып-қонғанда ұшақ сияқты арнайы бетон төселген аэродром талап етпейді. Осы қасиеттің бәрі американдықтарды дирижабльге қайта жүгіндіріпті.
REGNUM агенттігінің хабарлауынша, бірде осы Ауғанстанда міндетін атқарып жүрген дирижабль Тәжікстан шекарасына жақын ұшып келсе керек. Бұрын мұндайды көрмеген тәжіктер қатты таңқалған тіпті, қорыққан деседі. Дереу, тілдерін кәлимаға келтіріп, аят оқи бастапты. Талайлары мұны аспандағы алып балық деп жорыпты. Ал балықтың қалай аспанға шығып кеткенін ешкім түсіндіре алмаған.
Біз дирижабль жайында мәліметтер мен хикаяла жиналған қаптың аузын осы жерден қайта бусақ дейміз.

Дереккөз:  "Ана тілі" газеті
15 қаңтар 2018 ж. 442 0

Дауыс беру

"Жыл үздігіне" кім лайықты?

Мақалалар

Қазақ тілі туралы 30 дерек

24 қыркүйек 2018 ж. 94

Табиғат таңғажайыптары

22 қыркүйек 2018 ж. 119

МЕНІ ҚҰТҚАРҒАН – «ОМПЫ»

15 қыркүйек 2018 ж. 116

ТОЙЛАР ТУДЫРҒАН ОЙЛАР

27 қаңтар 2018 ж. 398

Бүгінгінің білім сапасы

18 қаңтар 2018 ж. 391

Тектану қазақ білімінен

17 қаңтар 2018 ж. 388

Волшебник Барселоны

15 қаңтар 2018 ж. 403

НАНОТЕХНОЛОГИЯ

15 қаңтар 2018 ж. 360